Пробация қайта қылмыс жасаудың алдын алады
Пробациядағыларды бақылау елдегі тұрақтылықты, тыныштықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін өте маңызды.
Яғни, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуы, дер кезінде психологиялық көмек алуы тиіс. Егер, бақылау дұрыс жүргізілмесе, қылмыскерлер еркіндікте бос сенделіп, жаңа қылмыс жасауы мүмкін. Сондықтан, айма-ай тиісті жұмыстар атқарылып, бақылау күшейтілуі қажет.
Осы мақсатта, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған жастарға жеке психологиялық қабылдау өткізілді.
Мұндағы мақсат, пробация есебіндегі жастармен жүйелі жұмыстар жүргізу және психологиялық, рухани кеңес беру.
Іс-шараға Шымкент қаласы бойынша КАЖ департаменті және Шымкент қалалық №1 пробация қызметінің қызметкерлері қатысып, әр азаматпен жеке-жеке сөйлесіп, мәселелерімен танысты. Сондай-ақ, екі қолға бір күрек табу жолдарымен бөлісті.
Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып пробацияның толық жүйесін қабылдаған ел. Елімізде түзету мекемелерінен шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек беру ісі жолға қойылды. Осы орайда, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа өмір» жобасы аясында «Пробация есебінде тұрған азаматтарға көмек» тақырыбында кездесу ұйымдастырды.
Пробация – адамдардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі. Бүгінгі аталмыш шараның мақсаты — пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, өзге де әлеуметтік-құқықтар мен психологиялық көмек беру болатын.
Қазіргі таңда 35 жасқа дейін 765 азамат сотталғандар есебінде тұр. Оның ішінде – 97 жас жұмыссыз болса, жұмыспен қамтылғандар саны – 585. Сондай-ақ пробация жастары арасында мектептен кейінгі оқу орындарын аяқтамаған жастарда бар. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған – 71 жас бар.