ЖаңалықтарШымкент

Шымкент ҚПД бастығының бірінші орынбасары мегаполистегі мектептерді аралады

Бүгін, полиция полковнигі қаладағы оқушы саны ең көп тіркелген №1 және №50 мектептерге барды. Олардың әрқайсысында 4000-нан астам бала білім алуда.

Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ермахан Абдраманов шаһардағы оқу ордаларын аралап, балалардың қауіпсіздігіне көз жеткізді. Яғни, мектептерде орнатылған бейнекамералар мен «SOS» батырмаларын тексеріп, әр білім ошағына бекітілген полиция инспекторларына өз жұмысына мұқият болуды ескертті.

« Құрметті, шымкенттіктер! Баршаңызды, 1-қыркүйек білім күні мерекесімен құттықтаймыз. Жаңа оқу жылының басталуына орай қаламыздағы 151 мектепке ювеналды полиция инспекторлары бекітілді. Әріптестеріміз балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күшейтілген күн тәртібінде жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, ата-аналар мен мұғалімдерден бастауыш сынып оқушылары мен жасөспірімдерге жолда жүру ережесін мұқият сақтауды үнемі ескертіп жүрсеңіздер екен деп сұраймыз. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың өмірі үшін барлығымыз жауапты екенімізді ұмытпайық»- деді, Ермахан Әділханұлы.

Сондай-ақ, Шымкент полицейлері ІІМ Қарағанды академиясы курсантының балалар үйіндегі 4 қарындасын мектепке шығарып салды. 1-қыркүйек білім күні қарсаңында Қаратау АПБ-ның қызметкерлері №4 балалар үйіне арнайы барып, үздік оқушыларға сый-сияпаттар табыстады.

Бұл жолы, тәртіп сақшылары өздерінің болашақ әріптесі Речинский Александрдің 4 бірдей қарындасына оқу құралдары мен керек-жарақтарын апарып, мектепке дайындықтарын пысықтады. Бауырлар өнерде де, білімде де, спортта да өз қатарластарынан оқ бойы озық жүретінімен ерекшеленеді.

Александр биыл ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 3-курс курсанты атанды. Оның соңынан ерген Владлена, Ангелина, София, Ольга есімді қарлығаштары бар. Қыздардың үлкені 16 жаста, кейінгі егіз қыздар 13 жаста, ал кенжесі 8 жаста. Жас жігіт оқуын аяқтаған соң туған өлкесіне оралып, Шымкент қаласы полиция департаментіне жұмысқа орналасуды мақсат еткен. Содан кейін, балалар үйіндегі қарындастарын өз қамқорлығына алуды армандайды.

Бұдан бөлек, балалар үйінің ең кішкентай тәрбиеленушісі Мансұр есімді жігіт те полицейлердің назарынан тыс қалмады.

Back to top button