42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алғандар саны 750 мыңнан асты

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 750 мыңнан астам адамға 42 500 теңге берілді, деп хабарлайды BasNews.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 751 613 адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалған.
«11 сәуірдегі сағат 15:00-дегі жағдай бойынша ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау үшін 2 млн 900 мың 65 азаматтан барлығы 4 млн 354 мың 274 өтініш келіп түсті. Осылайша, 1 млн 454 мың 209 қайталанатын өтінім тіркелді. Өтініштерді қарау мерзімдерінің ұлғаюына жол бермеу мақсатында азаматтардан өтінішті бір рет берулеріңізді сұраймыз, делінген ақпаратта.
Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500 enbek kz веб-сайты және Telegram-бот арқылы беруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:
- шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
- карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
- мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
- жеке кәсіпкерлерге;
- жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
- нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға жүзеге асырылады.



