«Дипломмен ауылға жобасы аясында жалған дипломмен 30 млн теңге шығын келтіргендер ұсталды
2009 жылдан бастап бүкіл ел бойынша «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы іске асып келеді. Кейінгі жылдары еліміздің ауылдарында кадрлар тапшылығы едәуір теңестірілді. Алайда «мамандар» деген атпен жекелеген адамдар жеңілдікті шарттарды пайдалана отырып, бюджет қаражаты есебінен заңсыз байып отыр.
Облыс прокуратурасы бағдарлама шеңберінде заңнаманың сақталуына талдау жүргізді. Нәтижесінде жалған дипломдардың көмегімен жеңілдіктер алған және шартты міндеттемелерді бұзған адамдар анықталды.
Мысалы, 2021 жылы «К» жалған диплом бойынша Атбасар ауданының оқу орнында биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. 2022 жылы мүліктік игіліктер алу мақсатында сол жалған дипломды пайдаланып, бағдарламаға қатысқан (4,9 млн теңге алды).
«Айта кету керек, «К» 2 жыл бойы осы салада құзыретті болмасада балаларды оқытқан. Осындай схеманы білім беру саласындағы тағы 12 «маман»пайдаланған. Залалдын жалпы соммасы 30 млн теңгеден асты. Жалпы айтқанда, мұндай «маманды» жалған дипломмен жұмысқа орналастыру жас ұрпақтың білім деңгейіне теріс әсер етеді және бюджет қаражатын ұрлауға жағдай жасайды. Қазір қылмыстық қудалау органдары тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр», – деп хабарлады Ақмола облысы прокуратурасы.
ҚПК-тің 201-бабына сай өзге ақпарат жарияланбайды.