BasNewsЖаңалықтар

Елордада газ тарату желілері салына бастады

Нұр-Сұлтан қаласындағы шағын аудандарға газ тарату желілері салынып жатыр. Магистральдық газ құбырының монтажы аяқталу сатысында. Қала әкімі Алтай Көлгінов желілерді жүргізу барысын тексерді, деп хабарлайды BasNews.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Газ құбыры Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес салынып жатыр. Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы газдандыру процесін бақылауға алуды тапсырды», – деп хабарланды әкімдіктің Instagram парақшасында.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов жұмыс қарқынын төмендетпеу қажеттігін атап өтті. Железодорожный елдімекенінде газ тарату желілерінің үштен бірі салынды. Сонымен бірге бұл жұмыстар Көктал-1, Көктал-2 және Агрогородок елдімекендерінде жүргізіліп жатыр.

2020-2023 жылдары қаланың өнеркәсіптік секторы мен елдімекендерді газдандыру 3 кезеңде өтеді: келесі жылыту маусымында Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Промышленный, Железнодорожный елдімекендері газбен қамтылады. Екінші кезеңде Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар (1-2 ІКҚ), Тельман (3 ІКҚ), Пригородный, Garden Village және Family Village (4 ІКҚ) елдімекендері қамтылады. Үшінші кезеңде Ильинка (1-2-ші ІКҚ), Шұбар (3-ші ІКҚ), Өндіріс (4-ші ІКҚ) елдімекендері газдандырылады.

Газ өткізу қаладағы зиянды қалдықтардың 6 есеге, қатты заттардың – 40 мың тоннаға дейін азаюына мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button