2024 жылы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бойынша 118,9 мың жаңа жұмыс орны ашылады
Биыл Түркістан облысында жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүргізілуде. Оған қоса, 2024 жылы 140,2 мың тұрғынды жұмыспен қамту шараларын іске асыру қолға алынуда.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бекітілген «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу көзделуде. Ал, өңірлік карта аясында 74,1 мың адамға тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі.
Бүгінде Өңірлік карта бойынша 45 197 жұмыс орындары ашылып, оның ішінде 15 289 орын тұрақты. Бұл ретте, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны бағдарламасы арқылы 4 345 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, Ұлттық жобалар бойынша 3671 жұмыс орындарын ашу жоспарланып, нақты 87 жоба арқылы 610 жұмыс орны ашылды.
Жалпы облыс көлемінде 43,3 мың адамды бос және жаңа жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, бүгінде 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Ал, 43,2 мың адамды уақытша жұмыс орындарына жолдау көзделіп, нақты 20,5 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарына орналасты.
Айта кетейік, Түркістан облысында кәсіпкерлікке бірқатар қолдаулар көрсетіліп келеді. Оған дәлел 2024 жылы 7,2 мың адамға кәсіпкерлік бастамаларына грант және шағын несие беру жұмыстары қарастырылуда. Оның ішінде әлеуметтік осал топтағы азаматтар арасынан 1 793 адамға бизнес-идеясын дамытуға гранттар беру, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 4 803 жаңа жұмыс орындарын ашу, 621 жас кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен 5 млн. теңге жеңілдетілген шағын несие беру көзделуде. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында жұмыс орындарын құрудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті.
«Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады.
Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді.
Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді.
Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр.
Шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді.», – деп Президент өз жолдауында айтты.