Жаңалықтар

Түрмеге заңсыз жолмен зат өткізбек болғандар құрықталды

 

Ақтөбе қаласында белгісіз азамат түзеу мекемесіне тыйым салынған затты лақтырып жатқан жерінен ұсталды. Оқиға ағымдағы жылдың 8- қазан күні кешкі сағат 17:50 шамасында орын алған.
Қылмыстық-атқару жүйесінің №8 мекемесінің қауіпсіздігін күзетіп жүрген Ұлттық ұлан жауынгері қатардағы Максим Ким, алты бөгде адамның сыртқы тыйым салынған аймаққа жақындап келіп, колония қоршауынан ішке қарай тыйым салынған затты лақтыруға әрекет етіп жатқанын байқап қалады. Бұзақылардың бұл әрекетін байқаған ұландық сарбаз шұғыл әрекет етеді. Арттарынан қуған Максим Ким заң бұзушылардың бірін қолға түсіреді. Қалған бұзақылар қолға түскен сыбайластарын құтқару үшін Ұлттық ұлан сарбазына жан-жақтан жабыла бастаған. Алайда көмекке басқа әскери жасақтың жүгіріп келе жатқанын байқап қалып, белгісіз бағытқа қаша жөнелген. Ұсталған азаматты тінту барысында қалтасынан екі ұялы телефон және екі SIM карта табылды.
Ұлттық ұлан жауынгерінің қырағы қызметінің нәтижесінде тыйым салынған заттарды мекеме аумағына кіргізуге жол берілмеді.
Аталған факт бойынша тәркіленген заттарды анықтау және одан әрі процессуалдық шешім қабылдау үшін заңды бұзған азаматтарға қатысты материалдар әкімшілік сотқа жіберілді.
Ал жауынгерлік қызмет барысында қырағылық танытқан жауынгерлерді “Батыс” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Бекайдар Қазкеев марапаттап, сарбаздарды қысқа мерзімді демалысқа жіберді.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Back to top button