Дакота университетінің түлегі ШҚО-да мал шаруашылығын дамытуда
Жұмысшы мамандар ел экономикасының дамуына, өндіріс пен қызмет көрсету салаларының тиімді жұмыс істеуіне айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан осынау кәсіп иелерін дәріптеу және сұранысты арттыру мақсатында биыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды.
Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы құрылымдарында кадр тапшылығы бар, мектеп түлектері тарапынан белсенділік аз.
Дегенмен, ветеринариялық технолог мамандығын таңдап, несібесін ауылшаруашылығы саласынан тауып жүрген жастар да жоқ емес. Солардың бірі – мал шаруашылығының жай-жапсарын жақсы білетін жас маман Данияр Абитаев.
Ол бүгінде Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданындағы сүт өнімдерін өндіруге, мал және егін шаруашылығына маманданған «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС директорының орынбасары болып еңбек етеді. Ауылшаруашылығы саласында жұмыс істегеніне он жылдан асты.
«Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС күнбағыс дәнін өсіріп-өндіретін шаруашылық әрі таңдаулы тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие. Кәсіпорын майлы дақылдарды сұрыптаумен және тұқым өсірумен, мүйізді ірі қара малдың асыл тұқымды түрлерін өсірумен, ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен, сатумен, қайта өңдеумен, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін апробациялаумен және аяқталған ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізумен айналысады.
Бүгінде аталған сүт-тауар фермасында 650 бас сиыр бар. Онда сауын залы мен сүт қабылдайтын цех жұмыс істейді. Жылына 14 мың тонна сүт өндіріледі. Құрал-жабдықтардың барлығы автоматтандырылған.
«Әлемнің 20-дан астам елінде болдым. Бірақ, біздің елде мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы саласына күшті қолдау көрсетіледі. Мәселен, жобаларды іске асыруға, субсидия төлеуге, жанар-жағармай жағынан, жеңілдетілген несие түрінде мемлекеттік бағдарламалар көп»,- деді жас фермер Данияр Абитаев.
Айта кетейік, АҚШ-тағы Солтүстік Дакота мемлекеттік университетінде ветеринариялық технология мамандығын аяқтаған жас фермер өзінің негізгі қызметімен қатар әлеуметтік желіде жастар үшін ауыл шаруашылығы өндірісінің маңыздылығын жариялаумен айналысады.
Сондай-ақ, еліміздің өзге өңірлерінде ветеринария, мал шаруашылығы және агрономия білім беру бағдарламалары бойынша оқып жүрген жоғары курс студенттері мен магистранттарына «Болашақтың ауыл шаруашылығы» тақырыбында түрлі тренингтер өткізіп жүрген жас маман.
2020 жылы салаға қосқан үлесі үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің медалімен марапатталған.
Елімізде ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор. Сондықтан бүгінгі және болашақтың ауылшаруашылығы осындай білімді, еңбекқор, жаңашыл жас мамандардың қолында екені даусыз.