Жаңалықтар

Ұлттық спорт: Катонқарағайда ХХІІІ халықтық ойындар басталды

9-14 маусым аралығында Катонқарағай ауданының орталығында ұлттық ат спорты түрлеріне арналған XXIII облыстық халықтық спорты ойындары өтуде. Ауқымды спорттық шараға өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген үздік шабандоздар мен балуандар жиналды.

Бүгін жарыс бағдарламасы аясында көкпар мен аударыспақ сынды көрерменнің делебесін қоздыратын ұлттық ойындар өтуде. Бұл сайыстар – қазақ халқының күшін, ептілігін және бірлігін көрсететін байырғы дәстүрлі спорт түрлері. Түстен кейін ұзақ қашықтыққа шауып өтетін бәйге мен қазақ күресі өтеді. Жүздеген жанкүйер бұл жарыстарды тамашалау үшін ипподром мен күрес алаңына жиналуда.

Күн өткен сайын спорт мерекесінің атмосферасы қыза түсуде. Қатысушылар тек шеберліктері мен физикалық дайындықтарын ғана емес, сонымен қатар ұлттық дәстүрге адалдықты, тарих пен мәдениетке деген құрметті де көрсетіп келеді.
Катонқарағайдағы XXIII халықтық спорты ойындары – бұл жай ғана жарыс емес, ұрпақтар сабақтастығының символы, ел рухының қайнар көзіне деген құрметтің жарқын көрінісі.

Back to top button