Ыстанбұлдағы ұшақ апатынан екі қазақстандық зардап шекті

Ыстанбұлдағы ұшақ апатында екі қазақстандық зардап шекті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
«Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығының мәліметіне сәйкес, 2020 жылғы 5 ақпанда жергілікті уақыт бойынша шамамен 18.00-де ұшақтың Ыстанбұл әуежайына қолайсыз қону барысында ұшу-қону жолынан тыс шығып кетуі салдарынан ҚР екі азаматы жарақат алған. Олар Фатих Сұлтан Мехмет ауруханасына жеткізілген», делінген хабарламада.
Бұл жағдай Бас консулдықтың бақылауына алынып, азаматтарымызға қажет көмек көрсету бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Еске сала кетсек, кеше Сабихи Гөкчен атындағы әуежайда Измир-Ыстанбұл бағытындағы лайнер ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, өртенген болатын. Ұшақ апатынан 3 адам көз жұмып, 179 адам зардап шекті.
Pegasus Airlines әуе компаниясына тиесілі ұшақ Измир-Ыстанбұл бағытында ұшқан. Оқиға орнынан түсірілген суреттерге қарағанда, ұшақ үшке бөлініп кеткен.
Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрі Жахит Турханның айтуынша, ұшақ бортында 177 жолаушы (екі боланы қосқанда) және алты экипаж мүшесі болған.
Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожаның айтуынша, зардап шеккен 179 адамға медициналық көмек көрсетілді, оқиға кезінде үш адам қайтыс болды. Қазір ұшақ апатын тергеу басталды.


