Төтенше жағдай режимі аяқталған соң да коммуналдық өтемақы алуға бола ма

Алматыда өткен онлайн-брифинг барысында қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев коммуналдық өтемақы алу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Basnews.kz.
Оның айтуынша, арнайы құрылған орталықтың нөміріне 158 мың адам хабарласқан.
«Соңғы күндері тұрғындардан көп сұрақ келіп жатыр. Көп жағдайда осы санатта жоқ азаматтар звондайды. Бізге осы уақытқа дейін 158 мың адам хабарласқан. Осы азаматтардың 20449-ының санаты расталған. Қалғаны бұл санатқа кірмеген», – деді Әсет Масабаев.
Оның айтуынша, төтенше жағдай аяқталса да коммуналдық шығындардың өтемақысы беріледі.
«Төтенше жағдай бітсе де өтемақы беріле ме, деген сұрақ келіп жатыр. Комиссияның шешіміне сәйкес коммуналдық шығындар сәуір және мамыр айларына беріледі. Сәуірдің өтемақысы – мамырда, мамырдың өтемақысы – маусымда беріледі», – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, коммуналдық өтемақы ақпан, наурыз айларында берешегі бар тұтынушыларға да беріледі.
Мұның алдында қалалық әкімдік коммуналдық шығынның 15 мың теңге көлеміндегі өтемақысын алатын мұқтаж отбасылардың санын 2 есеге арттырғанын жазған болатынбыз.