Жаңалықтар

Жезқазғанда мектеп оқушыларының арасында өткен пікірсайыс турнирі қорытындыланды

Жезқазған қаласында мектеп оқушылары арасында қала әкімінің кубогіне арналған дебат турнирі аяқталды. Зияткерлік дода Жезқазған қаласы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылып, оқушылардың ой-өрісін кеңейту мен шешендік қабілеттерін дамытуға бағытталды.

Биылғы турнирге қаладағы 14 мектептен 16 команда қатысып, білім мен тапқырлықта өзара сынға түсті. Пікірталас сайысы Американдық парламенттік форматта өткізіліп, қатысушылардың аргументтерді дәлелдеп, өз ұстанымдарын сауатты қорғау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.

Жарыс нәтижесінде жеңімпаздар төмендегідей анықталды:
1-орын – Ұлытау облысы білім басқармасының Жезқазған қаласы білім бөлімінің «№8 гимназиясы» КММ «ҚазГим қырандары» командасы;
2-орын – Ұлытау облысы білім басқармасының №3 БИЛ-дің «BIL.KZ» командасы;
3-орын – Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының «Абай бол» командасы.

Сонымен қатар, ерекше шешендігі мен өзіндік көзқарасымен ерекшеленген №1 мектептің «Шыңға шық» тобының спикері Игенова Мадина «Үздік спикер» атанды.

Жеңімпаздарға келесі көлемде сыйақылар табысталды:
• 1 орын – 200 000 теңге
• 2 орын – 150 000 теңге
• 3 орын – 100 000 теңге
• «Үздік спикер» – 50 000 теңге және сертификат

Барлық қатысушыларға Power Bank құрылғылары тарту етілді.

Бұл турнир жас пікірсайысшылардың ойлау мәдениетін қалыптастырып, олардың белсенді азамат ретінде дамуына ықпал етті. Осындай жобалар оқушылардың көшбасшылық қабілетін шыңдап, жаңа буынның қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button