«Qarmet» 700 млн теңгелік қолдау көрсетеді: жастар спортын қолдау жобалары назарда

«Qarmet» АҚ Ұлытау облысына 700 миллион теңге бөледі
Аталған қаржылай қолдау облыс әкімдігі мен «Qarmet» компаниясы арасында бекітілген өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге аспақ. Маңызды құжат аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытуға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Осы келісімге сәйкес, Қаражал қаласында бірқатар жаңа әлеуметтік бастамалар мен ауқымды жобалар кәсіпорынның тікелей қолдауымен жүзеге асырылатын болады.
«Qarmet» компаниясы өңірде темір және марганец кенін өндірумен айналысатын «Өркен» ЖШС арқылы қызмет атқарады. Тараптар қол қойған меморандум тек бір реттік қолдауды емес, 2026–2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асырылатын әлеуметтік шараларды қамтиды. Компания бөлетін қаражат қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңарту, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйін жақсарту және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағыттарына жұмсалады.
Жоспарланған жұмыстардың ішінде «Балбөбек» балабақшасына күрделі жөндеу жүргізу, коммуналдық қызметтерді нығайту үшін арнайы техника сатып алу, сонымен қатар медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту бастамалары бар. Бұл шаралар Қаражал қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындарға көрсетілетін күнделікті қызметтердің сапасын арттыруға елеулі үлес қоспақ.
Сонымен бірге компания өңір жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне қолдау көрсету және дене шынықтыру мәдениетін дамыту мақсатында спорт бағытына да ерекше назар аударуда. «Qarmet» жастарды спортқа тартуға арналған жобаларды, түрлі спорттық бастамаларды, секциялар мен инфрақұрылымдық шараларды қаржыландыруға дайын екенін жеткізді. Бұл облыста бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттырып, жас буынның белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етпек.
Қаржы бөлінуі — бизнес пен жергілікті биліктің әлеуметтік жауапкершілік аясындағы серіктестігінің нақты нәтижесі. Бұл өңірдің әрі қарайғы дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.


