Ұлытау өңір дамуына кәсіпкерлердің қосқан маңызды үлесін тағы да атап өтті

Өңірде кәсіпкерлік саласының жетістіктерін айқындайтын маңызды іс-шара өтті. Жергілікті бизнес өкілдері мен әртүрлі сала мамандары қатысқан жиында Ұлытау облысының кәсіпкерлері өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына қосқан айрықша үлестері үшін марапатталды.
Шара барысында кәсіпкерлік қоғамдастығының үздік өкілдері «Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «НҚП ісіне адалдығы үшін» медалімен, сондай-ақ облыстың Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Кәсіпкерлерді құттықтаған өңір басшысы олардың еңбегінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлік – өңір экономикасының тұрақтылығы мен халық әл-ауқатының негізгі тірегі. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдауға айрықша назар аударып келеді, ал өңірде кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға барлық жағдай жасалған.
Өңір басшысы өз сөзінде кәсіпкерлердің табысты жұмысы Ұлытау облысының экономикалық өсіміне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және әлеуметтік ахуалдың жақсаруына тікелей ықпал ететінін жеткізді.
Маңызды жиын кәсіпкерлер үшін тәжірибе алмасу, жаңа бастамаларды талқылау, серіктестік қарым-қатынастарды нығайту алаңына айналды. Қатысушылар бизнес жүргізудегі өзекті мәселелерді көтеріп, алдағы уақытқа арналған жоспарларымен бөлісті.
Шараның қорытындысында кәсіпкерлерге көрсетілген құрмет пен қолдау өңірде бизнес қауымдастығының әрі қарай дамуына жаңа серпін беретіні атап өтілді.



