Қола дәуірі шеберлері қалай өмір сүрді: Ақбауырдың ежелгі металлургтеріне арналған көрме

Өскемен қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ақбауыр қонысындағы ежелгі металлургтердің шаруашылығы мен тұрмысы» атты бірегей көрме өз көрерменіне жол тартты.
Көрме экспозициясы Ақбауыр тарихи-археологиялық кешенінде жүргізілген зерттеулер нәтижелерін жан-жақты таныстыруға бағытталды. Келушілер ежелгі металлургтердің өндіріс кезеңдерін, еңбек құралдарын, сонымен қатар қоныс тұрғындарының күнделікті өміріне қатысты археологиялық бұйымдарды тамашалады. Материалдар қола дәуірі мен ерте темір кезеңіндегі технологиялық жаңалықтардың қалыптасуын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты – өңірдің тарихи-мәдени мұрасы туралы қоғамның хабардарлығын арттыру, ежелгі металлургияның даму деңгейін көрсету және оның аймақ мәдениетіне әсерін ашу. Шараға қатысқан тұрғындар Ақбауыр қонысының Шығыс Қазақстан тарихындағы маңыздылығын айшықтайтын ерекше экспонаттармен танысты.
Музей қызметкерлері аталған көрменің археологиялық зерттеулер нәтижелерін көпшілікке қолжетімді етуге және жас ұрпақ арасында отандық тарихқа деген қызығушылықты арттыруға үлес қосатынын атап өтті.



