Ұлытаудағы рухани шуаққа толы кездесу: «Қазақтың құдіреті – қазақтың тілінде»

Ұлытау облыстық кітапханасында Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақтың құдіреті – қазақтың тілінде» атты еркін форматтағы рухани-әдеби кеш өтті. Іс-шараға өңірдің зиялы қауымы, ақын-жазушылар, тіл жанашырлары, жастар және жас буын өкілдері қатысып, қазақ тілінің мәртебесін арттыруға бағытталған мазмұнды пікірлер мен ойларды ортаға салды.
Кештің құрметті қонағы – белгілі қаламгер, ақын, жазушы, сатирик, журналист, заңгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Әбдіқайымұлы Ысқақ болды. Шара барысында өңір ақындары қаламгерге арналған жүрекжарды арнауларын оқып, педагогикалық колледж студенттері ақынның өлеңдерін мәнерлеп жеткізіп, әндерін орындады. Көрермендер үшін бұл ерекше сәттер – қазақ әдебиеті мен тілінің сұлулығын терең сезінуге мүмкіндік берді.
Әкім Әбдіқайымұлы өз кезегінде жастардың өнеріне ризашылығын білдіріп, оларға арнайы алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, ол тіл, әдебиет, ұлттық руханият тақырыбында терең ойларын бөлісіп, қатысушыларға ізгі лебізін жеткізді. Қаламгер жастарға білім мен өнердің маңыздылығын, мәдениетке деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарды дәріптеудің қажеттілігін ерекше атап өтті.
Іс-шараның жалғасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментіұйымдастырған Жезқазған қаласының әкімдігінде өтті. Бұл кездесуде қоғам қайраткері Әкім Ысқақ облыстың жас мемлекеттік қызметшілерімен ашық сұхбат жүргізіп, Мәжіліс депутаты және мемлекеттік қызметші ретіндегі тәжірибесімен бөлісті. Ол жастарға кәсіби бағыт-бағдар беретін маңызды ұсыныстарын айтып, мемлекеттік қызмет саласындағы табысты жұмыс жасау жолдарына назар аударды.
Бұл жүздесу – қаламгердің Ұлытау өңіріне жасаған сапарының алғашқы бөлігі ғана болды. Дегенмен өткізілген шаралар өңірдің рухани дамуына айтарлықтай ықпал етіп, жастардың ұлттық санасын, тілге деген сүйіспеншілігін нығайтуға серпін берді. Сонымен қатар, осындай кездесулер жастарға өз таланттарын ашуға, әдеби шығармашылыққа бейімделуге және мәдени құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң болып табылады.
Рухани кештің негізгі мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, ұлттық әдебиетті дәріптеу және жастардың бойында патриоттық сезім мен мәдени сананы қалыптастыру. Ұлытау өңірінде өткізілген бұл шаралар өңірдің мәдени өмірін байытып, жас буынға үлгі боларлық естелік ретінде есте қалары анық.



