Ұлытау облысында мәдениет үйлері қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өтті

Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығы» КМҚК ұйымдастыруымен «Мәдениет үйлері қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру – шығармашылық дамудың кепілі» атты облыстық семинар-тренинг өтті. Бұл іс-шара өңірдің мәдени өмірін дамытуға, ауылдық және қалалық мәдениет үйлерінің қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, сондай-ақ заманауи мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесін жетілдіруге арналған маңызды алаң болды.
Семинарға аймақтағы мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың мамандары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті, жаңа жобалар мен шығармашылық идеяларын таныстырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – мәдениет қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, заманауи әдістерді үйрету және тәжірибе алмасу арқылы өңірдегі мәдени өмірді жандандыру болды.
Шараға «Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Мағжан Табылдин қатысып, семинар спикерлеріне алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар, ол қатысушыларға арнайы әзірленген «Ұлытау өңірінің сал-серілері мен әншілері, күйші, ақындар» атты кітапты сыйға тартты. Бұл кітап өңір мәдениетінің тарихы мен дәстүрін насихаттау мақсатында дайындалған құнды еңбек болды.
Семинарға спикер ретінде келесі мамандар қатысып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті:
- Арғынов Бабыр Мейрамұлы– Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі, «Саз аспаптар шеберлерінің одағы» РҚБ төраға орынбасары;
- Умаров Тимур Кәрімжанұлы– халықаралық байқаулардың лауреаты, ҚР Қарулы күштер орталық ансамблінің солисі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» классикалық өнер бөлімінің көркемдік жетекшісі.
Ауыл мәдениетін жаңғырту бағытында Жаңаарқа, Ұлытау аудандары мен ауылдық мәдениет үйлері қызметкерлері өз жобаларын қорғап, тың идеяларын ұсынды:
- Бекзат Мұқатаев– «Әже мектебі – ұлттық тәрбие ұясы» жобасын таныстырды;
- Жангелді Шәкіров– «Ауыл мәдениетін жаңғырту – ұлт болашағына үлес» атты жобасын бөлісті;
- Зарема Ерболатқызы– «Қымыз жәрменкесі» жобасының мәнін көрсетті;
- Самал Вазиева– «Сабан той–25» мерекесін ұйымдастырудағы тәжірибесімен бөлісті.
Семинар қорытындысында қатысушылар мәдени іс-шараларды ұйымдастырудың тиімді әдістерін меңгеріп, өңірдегі мәдениет үйлерінің жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа тәсілдерді тәжірибеде қолдануға ниет білдірді. Шара соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етіліп, кәсіби дамуға қосқан үлестері бағаланды.
Бұл семинар-тренинг өңір мәдениетін жаңғыртуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және шығармашылық потенциалды арттыруға үлкен серпін беретін маңызды оқиға болды.



