Ұлытау облысында еліміздегі алғашқы Авиациялық құтқару жасағы мен жаңа өрт бөлімшесінің салтанатты ашылуы өтті

Ұлытау облысында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға дайындықты арттыру саласында маңызды әрі елеулі іс-шара өтті – еліміздегі алғашқы Авиациялық құтқару жасағының ашылуы және облыс орталығы Жезқазған қаласында жаңа өрт бөлімшесінің пайдалануға берілуі.
Осы ерекше күні төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлеріне жаңа заманауи техника кілттері табысталды, ал бірқатар мамандарға қызметтік пәтер кілттері берілді. Бұл шара мемлекеттік органдар мен корпоративтік сектордың өзара ықпалдастығының айқын көрінісі болды: «Қазахмыс» корпорациясының қолдауымен құтқару қызметі үшін заманауи жағдайлар жасалды.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов қатысты. Ол өңірдің төтенше жағдайларға дайындық әлеуетін арттыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын, авиациялық-құтқару бөлімдерін және заманауи өрт бөлімшелерін құру – халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Облыс әкімі Дастан Рыспеков құттықтау сөзінде:
«Авиациялық құтқару жасағы мен жаңа өрт бөлімшесінің ашылуы – өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең маңызды қадамдардың бірі. Біз Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазахмыс» корпорациясына көрсеткен қолдауы үшін алғысымызды білдіреміз. Мемлекет басшысы өңірлер қауіпсіздігін нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Бұл нысандар – тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға нақты инвестиция», – деді.
Министр Шыңғыс Арынов өз сөзінде елімізде авиациялық-құтқару инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасатынын айтты:
«Осындай жабдықталған тікұшақ ангарларын елдің әр өңірінде ашу жоспарланып отыр. Ал бірінші нысанның дәл Ұлытау облысында іске қосылуы – орталық өңірге берілген үлкен қолдау және елдің төтенше жағдайларға дайындық әлеуетін арттыруға нақты қадам», – деді министр.
Салтанатты шара барысында төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері мен белсенді тұрғындар құрмет белгісі, алғыс хаттар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Айта кету керек, биыл Төтенше жағдайлар министрлігі облысқа заманауи жабдықталған тікұшақтытапсырды, бұл өңірдің күрделі жағдайларға тез әрі тиімді әрекет ету мүмкіндігін айтарлықтай арттырды, соның ішінде табиғи және техногендік апаттар кезінде.
Жыл соңына дейін Сатпаев қаласы мен Жайрем ауылында жаңа өрт бөлімшелерін ашу жоспарланып отыр. Бұл шаралар өрт қауіпсіздігін күшейтіп, өңірдің әр ауданы бойынша төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Осылайша, Авиациялық құтқару жасағы мен жаңа өрт бөлімшелерін заманауи техникалармен жабдықтап іске қосу – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірдің төтенше жағдайларға дайындық әлеуетін арттыру және Ұлытау облысында азаматтық қорғау жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.



