Жаңалықтар

Ақыл мен қайсарлықтың жеңісі: Дихан баба ауылының шахматшысы «Auyl sport» турнирінде топ жарды!

Ауылдан әлемдік аренаға апарар жол кейде дәл осылай басталады. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы елді мекені, Дихан баба ауылында тұратын 11 жасар шахматшы Сезім Есіркеп бүгінде көптің үмітіне айналып отыр

Ол биыл қараша айында Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры жүзеге асырып отырған «Auyl Sport» республикалық сайысында шахматтан чемпион атанды

Сезімнің жеке жаттықтырушысы Мұхтар Мусалиев соңғы жылдардағы өзгерісті ерекше атап өтті: «Ауылымызда соңғы 1–2 жылдың ішінде шахмат қарқынды дамып келеді. Облыс чемпиондары шықты, енді міне, Республика чемпионы да бар. “Auyl Sport” жарысын ести салысымен дайындықты күшейттік. Балаларды тек тақтадағы жүріске емес, шыдамдылыққа, жігерге, қайсарлыққа тәрбиеледік. Турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды», — дейді бапкер.

Жаттықтырушы да, ауыл жұртшылығы да Сезімнен үлкен үміт күткен. Ол үміт толық ақталды. Сезім республикалық деңгейде Түркістан облысының намысын абыроймен қорғап, алтыннан алқа тақты.

Жеңімпазды ауылда ерекше қуанышпен қарсы алды. Бұл күн ауыл тарихында ұзақ сақталатын сәтке айналды.

Сезімнің ендігі арманы асқақ. Ол болашақта еліміздің көк туын әлемдік жарыстарда биікке көтеруді қалайды. Үлгі тұтатын тұлғасы да бар — қазақ шахматының мақтанышы Жансая Әбдумәлік.

«Алла қаласа, халықаралық турнирлерге қатысып жатсақ, жақсы нәтиже күтеміз», — дейді бапкер сеніммен.

Басқа жаңалықтар

Back to top button