Жаңалықтар

2026 жылғы Салық кодексіне енгізілген өзгерістер: салық берешегіне қатысты қолданылатын шаралар

2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексіне енгізілген өзгерістер салықтық берешектің алдын алу және оны уақтылы өндіріп алуды қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған өзгерістерге сәйкес, салық берешегі белгіленген шекті мөлшерден асқан жағдайда салық төлеушілерге қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары кезең-кезеңімен қолданылады.

Салық кодексінің 5-бабының 4-тармақшасына сәйкес, заңды тұлғаларға, олардың құрылымдық бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын бейрезиденттерге, дара кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға арналған салықтық берешектің шекті мөлшері айқындалған.

Егер салықтық берешек 20 айлық есептік көрсеткіштен (86 500 теңге) асқан жағдайда, Салық кодексінің 86-бабына сәйкес салық төлеушінің банктік шоттары мен кассасы бойынша шығыс операциялары тоқтатылады. Сонымен қатар, 185-бапқа сәйкес банктік шоттардағы ақша қаражаттары есебінен берешекті өндіріп алу шаралары қабылданады.

Берешек мөлшері 45 айлық есептік көрсеткіштен (194 625 теңге) асқан жағдайда, Салық кодексінің 87-бабына сәйкес салық төлеушінің мүлкіне берешек сомасы шегінде шектеу қойылады. Бұдан бөлек, 186-бапқа сәйкес дебиторлық берешек есебінен, ал 187-бапқа сәйкес билік етуі шектелген мүлікті өткізу арқылы салықтық берешекті өндіріп алу көзделген. Сондай-ақ, 188-бапта салық төлеушінің немесе салық агентінің жарияланған акцияларын мәжбүрлі түрде шығару мүмкіндігі қарастырылған.

Қосымша атап өтетін жайт, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа шара енгізіледі. Егер салық берешегі 27 000 айлық есептік көрсеткіштен (116 775 000 теңге) асқан жағдайда, Салық кодексінің 189-бабына сәйкес заңды тұлғаның немесе оның құрылымдық бөлімшесінің бірінші басшысына, дара кәсіпкерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаға Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қойылады.

Осылайша, Салық кодексіндегі өзгерістер салықтық берешекті уақтылы өтеуді ынталандыруға және бюджетке түсетін түсімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты салық төлеушілерге өз салық міндеттемелерін уақытында орындап, берешекке жол бермеу ұсынылады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button