Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін Қызылордада Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру, атап айтқанда, экономиканың шикізаттық моделінен өнімді терең өңдеуді дамытуға көшу, су ресурстарын ұтымды пайдалану, экономика салаларын басқаруға цифрлық технологияларды енгізу, өңірлік ғылымның рөлін күшейту мәселелері талқыланды.

 

Отырысқа облыс әкімнің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, онлайн режимде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, академияның президиум мүшелері, жоғарғы оқу орындарының басшылары мен ғалымдары, жетекші зерттеу институттары мен ғылыми ұйымдар басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.

 

Жиында «DeepBas» жобасының таныстырылымы өтіп, су ресурстарын басқару, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, экологиялық тұрақтылық, қайта өңдеу саласын ғылыми қамтамасыз ету және тау-кен өнеркәсібінде минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу туралы ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

 

«Президентіміз ғылымды ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде айқындап, ғылыми әлеуетті арттыруды стратегиялық басымдық деп атаған болатын.

2026-2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспарына жалпы өңірлік өнімдегі ғылыми-зерттеу жұмыстары шығындарының үлесі арнайы көрсеткіш ретінде енгізілді. Облыс әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, кешенді жұмыс жоспары бекітілді.

Кейінгі үш жылда ғылымды дамытуға 4 млрд. теңгеге жуық қаражат бағытталды. Былтырдың өзінде 1 млрд.300 млн. теңге бөлініп, 2020 жылмен салыстырғанда бес есе артты, 400-ден аса маман кәсіпорындарда ғылыми-зерттеумен, тәжірибелік жұмыстармен айналысады. Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 7 ғылыми жобаны жүзеге асыруда.

Бүгінгі жиында айтылатын ұсыныстар мен көтерілетін бастамалар аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін. Ұлттық ғылым академиясы президиумы көшпелі отырысының жұмысына сәттілік тілеймін!», – деді Данияр Еренғалиұлы.

 

Басқосуда ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми-өндірістік орталықтардың, жоғары оқу орындарының басшылары сөз сөйледі. Қызылорда облысында су ресурстарын басқару, экология, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін перспективалы әрі тиімді дамытуға бағытталған қарар мен бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

 

Айта кету керек, көшпелі отырыс аясында кеше форсайт-сессия өтіп, академия мамандары жергілікті кәсіпорын өкілдеріне технологиялық олқылықтарды анықтау әдістерін үйретті. Ал бүгін облыс кәсіпорындарында кеңінен енгізуге дайын инновациялық әзірлемелер көрмесі ұйымдастырылды.

 

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button