Жаңалықтар

«Жаңа Конституция және жастар»: өскелең ұрпақ Өскеменде өткен зияткерлік бәйгеде бас қосты

Шығыс Қазақстанда құқықтық сауатты арттыруға бағытталған «Жаңа Конституция және жастар» атты республикалық зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Ауқымды бастама жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастырып, оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араластыруды межеге алған.

 

Зияткерлік дода квиз форматында ұйымдастырылып, қатысушылар Ата заң мен мемлекеттік құрылымға қатысты сауалдарға жауап берді. Интерактивті ойын жастардың білім деңгейін ғана емес, логикалық ойлау қабілетін, шапшаң шешім қабылдау дағдысын және командамен үйлесімді жұмыс істеу мүмкіндігін де көрсетті.

 

Білім бәйгесіне еліміздің әр өңірінен келген 22 команда қатысты. Қатысушылардың кең географиясы жастардың елдегі саяси және құқықтық реформаларға қызығушылығы жоғары екенін аңғартты.

 

– «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында мектептерде, балабақшаларда, колледждер мен жоғары оқу орындарында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қағидаттарды енгізіп келеміз. Бүгінгі квиз сияқты маңызды жобалар, байқаулар былтырдан бері университетте дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл әлбетте біздің өңірдегі азаматтық және патриоттық тәрбие бағытындағы жұмыстың жүйелі түрде жалғастырып отырғанын аңғартады, – деді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген.

Ал Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Жүнісов бастаманың басты мақсатына тоқталды.

 

– Бұл ойынның мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттыру ғана емес, оларды Жаңа Қазақстанның қоғамдық өміріне тарту, жаңа Конституцияның мәнін терең түсіндір, – деді ол.

Оның сөзінше, жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнату мемлекеттік бастамаларды жастар арасында тиімді насихаттауға мүмкіндік береді.

 

– Жастардың қызығушылығын ояту үшін заман талабына сай форматтарды қолдануға тырысамыз. Іс-шара танымдық әрі тартымды болуы керек. Бәсекелестік орта қатысушылардың белсенділігін арттырады, – деді Арман Жүнісов.

Зияткерлік дода барысында қатысушылар жоғары белсенділік танытып, мемлекеттік құрылым мен құқықтық жүйеге қатысты сауалдарға жан-жақты жауап берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жастардың құқықтық санасын қалыптастырып қана қоймай, олардың ел болашағына деген жауапкершілігін де арттыруға ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button