ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАДЫ

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі және кешенді мемлекеттік саясат өз нәтижесін беріп отыр. Өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша облыс экономикасында тұрақты оң динамика қалыптасты.
Қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші 125,2 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылып отырғанын айғақтайды. Аталған нәтижелер облыс әкімдігі тарапынан жүргізіліп отырған жүйелі экономикалық саясаттың нақты жемісі ретінде бағалануда.
Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектың төрағалығымен арнайы кеңейтілген жиын өтті. Жиын барысында 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, бюджет қаражатының игерілуі және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалу деңгейі жан-жақты қаралды. Сонымен қатар өңірлік даму жоспарларының орындалу барысы мен алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне экономикалық өсімді тұрақты сақтау және одан әрі арттыру бағытында нақты тапсырмалар берді. Ол инвестициялық жобаларды уақтылы іске асырудың, құрылыс саласындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын сапалы салудың және өңірлік даму жоспарларының толық орындалуының маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін инвестициялық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру, өндіріс көлемін арттыру және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын дамыту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет. Әрбір аудан мен қала бойынша бекітілген жоспарлардың орындалуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Сонымен қатар республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді, әрі мерзімінде игерілуі – басты талаптардың бірі, – деді Қанат Қайыпбек.
Кеңесте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар 2026 жылдың алғашқы төрт айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша кең көлемді баяндама жасады. Оның айтуынша, өңір экономикасының негізгі салаларында айтарлықтай өсім байқалады.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 571,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 133 пайыздық өсім көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібі саласында 272,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 156,5 пайыз деңгейінде тіркелген. Бұл өңірдегі өндірістік қуаттардың артып, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуымен байланысты.
Сонымен қатар тау-кен өндірісі саласында да оң динамика сақталып, 244,7 млрд теңгеге жетіп, өсім 117,6 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы саласында да тұрақты даму байқалады, сәуір айының қорытындысы бойынша 205,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 111,3 пайыз деңгейінде қалыптасты.
Инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында да айтарлықтай нәтижелер бар. Жыл басынан бері негізгі капиталға 470,2 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 157,4 пайызға артқан. Бұл өңірге отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
Құрылыс саласында да оң серпін байқалып, орындалған жұмыстар көлемі 95,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 110,3 пайызды құрады. Бұл әлеуметтік тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымдық жобалардың қарқынды жүзеге асырылып жатқанын білдіреді.
Жиын барысында облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Ажиметова бюджет түсімдерінің орындалуы жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, 2026 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша облыс көлемінде түсімдер жоспары 105 пайызға орындалып, бюджетке жоспардан тыс 22,7 млрд теңге қосымша кіріс түскен. Бұл негізінен салықтық түсімдер мен өзіндік кірістердің артуы есебінен қамтамасыз етілген.
Жиында атап өтілгендей, облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Барлық бағыттар бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталатын болады.



