Жаңалықтар

Өскеменде 150-ге жуық сарбаз үйлеріне қайтып, сегізі білім грантына ие болды

Өскемен қаласындағы Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінде жүз елуге жуық сарбаз мерзімді әскери қызметін аяқтады. Абай, Жетісу, Павлодар, Түркістан облыстары мен Астана қаласынан шақырылған мерзімді әскери қызметшілерді салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Іс-шара барысында әскери қызметте үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға алғыс хаттар табысталды.

Әскери бөлім командирінің орынбасары подполковник Серік Ноғаевтың айтуынша, сарбаздардың бірқатары болашақ өмірін әскери қызметпен байланыстыруға ниетті.

– Қазіргі таңда төрт сарбаз келісімшарт негізінде әскери қызметін жалғастыруға ниет білдірді. Сонымен қатар әскери борышын абыроймен атқарған сегіз сарбаз «Әскери міндеттілер 2.0» цифрлық платформасы арқылы жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Оларға грант сертификаттары салтанатты түрде табысталды, – деді ол.

Грант иегерлерінің бірі – қатардағы жауынгер Мадияр Бекмырза. Ол енді студенті атанбақ. Бағдарлама аясында оған шәкіртақы мен жатақханадан орын алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Бір жылдық қызмет барысында сарбаздар әскери даярлықтан өтіп қана қоймай, тәртіп пен жауапкершілікті серік етті. Олар жүктелген міндеттерді мінсіз орындап, Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарды. Алдағы уақытта әскери бөлімге Абай, Түркістан, Павлодар және Жетісу өңірлерінен жаңа сарбаздар легі келеді.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button