Жаңалықтар

Елжандылық көк байраққа деген құрметтен басталады!

Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Талғат Әбдіқадыровтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметі ерекше. Оның пікірінше, Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіз мемлекеттің басты нышандары ғана емес, әрбір азаматтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыратын құндылықтар.
Талғат Павлодар қаласынан Өскемендегі Ұлттық ұланның әскери бөліміне мерзімді әскери қызметке шақырылған. Ол мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің өз отбасынан бастау алғанын айтады. Әсіресе, туған ағасының көлігіне Мемлекеттік Тудың бейнесін орналастыруы оның көк байраққа деген көзқарасын одан әрі нығайта түскен.
Жүк тасымалымен айналысатын ағасы көлігінің жүксалғышын жаңартып, артқы бөлігіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесін орналастырған. Көлігін әрдайым таза ұстап, рәмізге ерекше құрмет көрсеткен ағасының бұл әрекеті Талғатқа үлкен әсер қалдырған.
Оның айтуынша, көк ту бейнеленген көліктің әрдайым таза әрі ұқыпты жүргенін көріп, өзінде де мақтаныш сезімі оянған. Бұл мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден басталатынын көрсетеді.
Қазіргі таңда Талғат Ұлттық ұлан сапында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін атқаруда. Түрлі мерекелік және қоғамдық іс-шаралар кезінде қызмет атқаратын сарбаз мемлекеттік Әнұран орындалған сәттерде тәуелсіз елдің азаматы екенін ерекше сезінетінін айтады.
Оның пікірінше, мемлекеттік рәміздер – егемендік пен тәуелсіздіктің, халық бірлігі мен ел тұтастығының белгісі. Сондықтан көк байрақты құрметтеу, оны қадірлеу және қорғау әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы болып саналады.
— Мемлекеттік Ту — тәуелсіздігіміздің символы. Оны құрметтеу және қастерлеу әрбір азаматтың парызы. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп тұрса, еліміздің де мерейі үстем болады деп сенемін, — дейді қатардағы жауынгер.
Талғат Әбдіқадыров үшін мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету — Отанға деген сүйіспеншіліктің, елге адал қызмет етудің және азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button