Майдан жолынан – ұрпақ жадындағы өнегелі ғұмырға

Күршім ауылындағы Юрий Гагарин атындағы №1 орта мектепте Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Рахимов Құрмат Рахимұлына арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бұл тағылымды шараның дәл Құрмат Рахимұлының есімі берілген «Жас сақшы» полиция сыныбы жұмыс істейтін мектепте өтуінің өзіндік мәні бар. Өйткені оның өмір жолы бүгінгі оқушылар мен болашақ құқық қорғаушылар үшін ерлік пен елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді.
Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Серік Манапов, ШҚО ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Үдербаев Нұрлыбек Ғалиұлы, аудан әкімдігінің өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, білім саласының басшылары және полиция қызметкерлері қатысты.
Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген полиция полковнигі Серік Манапов:
«Құрмат Рахимұлы сынды тұлғалар – Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның майдандағы және еңбек жолындағы өнегелі ғұмыры бізге қай уақытта да парызға беріктік, ар-намыс пен жауапкершілік секілді құндылықтардың маңызын еске салады», – деп атап өтті.
Ардагер туралы жылы естеліктерімен Үдербаев Нұрлыбек Ғалиұлы да бөлісті:
«Құрмат Рахимұлы ар-намыс, парыз және қызмет ету ұғымдарын өмірлік қағидасына айналдырған буынның өкілі еді. Ол өзінің өнегелі ісімен айналасындағы адамдарға әрдайым үлгі болып, әріптестері мен жерлестерінің ерекше құрметіне бөленді», – деді.
Іс-шараға қатысушылар Құрмат Рахимұлының құқықтық тәртіпті нығайтуға және жас қызметкерлерді тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесін атап өтті. Оның есімі бүгін де ұрпақтарды сабақтастырып, ардагерлер ерлігіне құрмет көрсетудің, тарихи жадыны сақтаудың және қызметтің үздік дәстүрлерін жалғастырудың маңызын айшықтай түседі.
Салтанатты рәсім соңында қатысушылар ардагерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Жаңа мемориалдық тақта ғұмырын Отан мен халыққа қызмет етуге арнаған азаматқа деген құрмет пен тағзымның белгісіне айналды.



