ШҚО әкімі Аустрия Елшісімен кездесті

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Аустрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахермен кездесті. Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, туризмді дамыту, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, халықаралық серіктестік және өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Аймақ басшысы мәртебелі мейманға Шығыс Қазақстанға қайта келгені үшін алғыс айтып, бұл сапардың екі ел арасындағы өзара сенім мен ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға деген ортақ ұмтылыстың нақты дәлелі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңір халықаралық серіктестермен өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға әрдайым ашық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
«Биылғы сапарыңыздың «Марқакөл – Шығыстың маржаны» халықаралық фестивалі аясында өтіп жатқаны ерекше қуантады. Бұл өңіріміздің қайталанбас табиғатын, туристік әлеуеті мен мәдени мұрасын жақынырақ таныстыруға мүмкіндік береді. Біз халықаралық деңгейдегі осындай мәдени іс-шаралар шетелдік туристер мен инвесторлардың қызығушылығын арттырып, өңірдің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Кездесу барысында Қазақстан мен Аустрия арасындағы өзара сенімге, ашық диалог пен достық байланыстарға негізделген ынтымақтастықтың маңыздылығы ерекше аталып өтті. Облыс әкімі Аустрия Елшілігінің Шығыс Қазақстанмен байланыстарды нығайтуға және бірлескен бастамаларды қолдауға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.
Тараптар биылғы қаңтар айында өткен алғашқы кездесудің нәтижелеріне де тоқталды. Сол кезде делегация өңірдегі денсаулық сақтау, өнеркәсіп және туризм салаларындағы бірқатар нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысқан болатын. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері, технологиялық тәжірибе алмасу және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланған еді.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен SANLAS HOLDING GmbHкомпаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылып жатқан заманауи оңалту орталығын салу жобасы болды. Бұл бастама өңірдегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, оңалту қызметтерінің сапасын арттыруға және халықаралық стандарттарға сай медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Облыс әкімі аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін айтып, оны іске асыруға аустриялық тараптың қызығушылығын жоғары бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар жобаға жаңа серпін беру қажеттігін атап өтіп, Аустрия Елшілігін SANLAS HOLDING GmbH компаниясымен өзара іс-қимылды жандандыруға және жобаны практикалық кезеңге шығаруға қолдау көрсетуге шақырды.
Кездесу барысында тараптар биыл мамыр айында Астанада Аустрияның федералдық министрлерінің ресми сапары аясында өткен қазақстандық-аустриялық бизнес-дөңгелек үстелдің қорытындыларын да оң бағалады. Мұндай кездесулердің инвестициялық байланыстарды нығайтуға, кәсіпкерлер арасындағы іскерлік қарым-қатынасты дамытуға және жаңа бірлескен жобалардың жүзеге асуына жол ашатыны атап өтілді.
Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуетіне тоқталып, өңірде түсті металлургия, агроөнеркәсіп кешені, туризм, көлік-логистика, энергетика және денсаулық сақтау салаларында ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін айтты. Оның сөзінше, облыс әкімдігі шетелдік инвесторлардың бастамаларын жан-жақты қолдап, оларды іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымдық және әкімшілік қолдау көрсетуге дайын.
Өз кезегінде Аустрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахер Шығыс Қазақстанның табиғи байлығы, туристік әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді. Ол екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін айтып, өңірмен түрлі бағыттар бойынша әріптестікті дамытуға қызығушылық білдірді.
Кездесу соңында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға, жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауға және экономикалық байланыстарды кеңейтуге дайын екендіктерін растады.
Сонымен қатар аймақ басшысы бірқатар шетелдік компаниялардың басшыларымен де кездесті. Атап айтқанда, қытайлық YEMA және Altay Xinji International Trade компанияларының жетекшілерімен өткен кездесулерде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өндірістік жобаларды жүзеге асыру, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері талқыланды. Тараптар өзара тиімді әріптестікті дамытуға және нақты жобалар бойынша жұмысты жалғастыруға қызығушылық танытты.
Кездесу қорытындысында барлық тараптар халықаралық серіктестікті дамыту өңір экономикасының тұрақты өсіміне, инвестициялық ахуалды жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал ететінін атап өтті.
Дереккөз: Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.



