Қоғам
Trending

Елордада Түркия республикасының құрылғанына 103 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті

Елордада Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Түркияның Республика күніне арналған салтанатты қабылдау кеші өтті. Айтулы шараға Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық ұйым басшылары, түрік іскерлік қауымдастығының мүшелері мен БАҚ жетекшілері қатысып, екі ел арасындағы терең бауырластық пен стратегиялық әріптестіктің маңызын тағы бір мәрте айшықтады.

Жиынның беташары ретінде Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның салтанатты шараға қатысушыларға арнаған бейнежолдауы ұсынылды. Өз сөзінде бұл датаның түрік халқы үшін тарихи маңызына тоқталған Түркия басшысы елдің бүгінгі мен ертеңгі саяси бағдарына тоқталып:

«Біздің республикамыз – тарихы даңқты жеңістерге толы түрік халқының тәуелсіздікке деген ерік-жігерінің ең айқын белгісі. Халқымыз көрсеткен батылдық бүгін де бізге күш-жігер беріп келеді. Түркия бүгінде кешегіден де қуатты. Ертең бұдан да күшті, халықаралық беделі жоғары әрі барлық салада ықпалды мемлекет болатынына сенеміз. Біз бейбітшілік пен әділдік жолындағы күш-жігерімізді жалғастырамыз», – деп сөзін түйіндеді.

Мемлекет басшысының құттықтау сөзінен соң мінберге көтерілген Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу екі халықтың тамыры бір, тарихы ортақ екенін ерекше тебіреніспен баяндады. Дипломат Анадолы мен Ұлы дала арасын жалғап жатқан рухани көпірге тоқталды.

«Тарихтың сан тарау жолы бізді әлемнің әр қиырына жетелегенімен, ешқашан жат болған емеспіз. Өйткені бізді біріктіретін тек ортақ тарихымыз ғана емес, тіліміз бен ән-жырларымыз, отбасына деген сүйіспеншілігіміз. Сондықтан да 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәтте оның егемендігін әлемде бірінші болып Түркияның мойындауы айрықша мәнге ие. Бұл жай ғана дипломатиялық шешім емес, ғасырлар өткен соң бір-біріне қайта қол созған бауырлас екі елдің тарихи қауышуының нышаны еді», – деді Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу.

Сондай-ақ Елші мырза сөзін одан әрі сабақтай отырып, бұл бауырластық байланыстардың бүгінде нақты экономикалық, инвестициялық және мәдени жобалармен нығайып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 10 миллиард долларлық межеге жетсе, Түркияның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 6 миллиард доллардан асқан. Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында «Маариф» қорының мектептерін ашу сияқты білім-ғылым сабақтастығын арттыратын маңызды жобалар қарқынды жүзеге асуда.

Екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін Қазақстан Үкіметі атынан құттықтау сөз сөйлеген Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров та растай түсті. Еліміздің ресми позициясын жеткізген министр өз сөзінде:

«Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындауы қос елдің дипломатиялық қарым-қатынасындағы айрықша оқиға болды. Біздің сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түсетініне сенімдімін. Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті де түркі елдерінің бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті.

Жиын соңында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 2027 жылы 35 жыл толатыны еске салынып, тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға ниет білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button