BasNewsЖаңалықтар

Азық-түлік тауарларының 6 түріне өндірісті ұлғайту міндеті қойылды

11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету 80 пайыз деңгейінде. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молайтуға қатысты Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізу міндетін алға қойды. Ішкі нарықты қамтамасыз ету мониторингі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізіледі. Оның ішінде 12 тауар позициясы бойынша ішкі нарық 100 пайызға және одан да көп мөлшерге қамтамасыз етілген. 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету 80 пайыз және одан астам. Бұл халықаралық ауыл шаруашылығы ұйымы – ФАО-ның сыныптамасы бойынша өзін-өзі жеткілікті қамтамасыз ету деңгейі болып саналады», – деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша ғана өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өнімдермен молықтыру шараларын іске асыру қажет. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық.

«Министрлік Ішкі нарықты отандық өнімдермен молайту жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын дайындады. Әрбір бағыт бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы анықталды», – деді С. Омаров.

Басқа жаңалықтар

Back to top button