Отандық фармацевтикаға қандай қолдау көрсетіледі

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов отандық фармацевтика кәсіпорындарына қандай қолдау көрсетілетінін айтып берді, деп хабарлайды Basnews.kz.
Бұл шаралар фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында көрсетілген.
«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы» бөлімі одақ шеңберінде талаптарды үндестіруді, экспортты ілгерілету және отандық өнім құнын төмендету үшін одақ стандарттарын енгізуді көздейді. Осы мақсатта дәрілік заттар мен медицналық бұйымдарды тіркеу мен сараптау кезінде ұлттық режимнен ЕАЭО режиміне көшу ұсынылады. Шикізат пен жинақтаушы материалдар үшін кедендік баж мөлшерін төмендету жоспарланған», – деді министр бүгінгі Үкімет отырысында.
Сонымен бірге, GLP стандарттарына сәйкес келетін отандық зертханаларды дамыту бойынша жеке нормативтік құқықтық база әзірлеу көзделген.
«Отандық өнімнің баға жағынан бәсекеге қабілетін арттыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары әзірленеді. Онда дәрілердің клиникалық сынақтарын жүргізуге кететін шығынды қайтару ел аумағында өндірілмейтін шикізатты импорттауға арналған шығынды таңбалау және субсидиялау қарастырылады», – деді Б. Атамқұлов.
Саланы кадрлық қамтамасыз ету үшін фармацевтикалық өнім өндірушілердің қажеттіліктерін ескеріп, еліміздің ЖОО-ларында мемлекеттік білім беру тапсырысымен мамандар даярлануда. Дәрілік заттар саласындағы кәсіби стандарттар жаңартылып, ұлттық біліктілік шеңберімен үйлестіріледі.
«Фармацевтикалық өнім өндірісін одан әрі ынталандыру үшін АЭА аумақтары мен қызмет түрлері кеңейтіледі. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік жұмыстар шеңберінде фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың перспективалық секторын айқындау бойынша орта мерзімге болжам жасалып, талдау жүргізіледі. Өнім сапасын арттыру және көлеңкелі экономиканы азайту үшін дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау бойынша пилоттық жоба енгізіледі. Сондай-ақ міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізбесі кеңейтіледі. Дәрілік заттарды таңбалау және оның балама тәсілдерін енгізу кезеңдері айқындалады», – деді Бейбіт Атамқұлов.
Айта кетейік, жыл басынан бері отандық кәсіпорындар фармацевтика өндірісін 34,1% немесе 81,5 млрд теңгеге арттырды. Инвестиция 5,2% артып, 4,1 млрд теңгені құрады.
Фармацевтикалық қызметті заңнамалық реттеу аясында отандық өндірушілер мен шетелдік инвесторлар үшін фармацевтика өнімдерінің ішкі нарыққа шығуын оңайлату қарастырылған.



