BasNewsЖаңалықтарСараптама

Қазақстанның азаматтық қоғамында жауапкершілік бар – Айгүл Соловьева

Экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Айгүл Соловьева Қазақстанның азаматтық қоғамында жауапкершілік бар екенін айтты.

Оның пайымынша, алдағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауына байланысты елімізде саяси белсенділік деңгейі күрт жоғарылап отыр.

«Біреулері жаңа саяси партияларды құру бастамасын жариялап жатса, басқалары сайлауға қатыспайтынын алға тартуда. Ал партиялардың тағы бір бөлігінде белсенділік деңгейі едәуір жоғарылағанын байқап жүрміз. Бұл тұрғыда азаматтық қоғам қозғаушы күш болып саналады. Осы қараша айында Азаматтық форум өтетіні белгілі, онда азаматтық қоғамның дайындығы мен белсендігінің нәтижесі шығарылады. Менің ойымша, еліміздегі азаматтық қоғам қарқынды даму кезеңінде тұр. Қазіргі кезде олардың жауапкершілігі жоғары екенін атқарылып жатқан жұмыстардан көруге болады. Бастапқы кезеңде үкіметтік емес ұйымдар проблеманы көтергенімен, оны шешу жолдарын тиісті деңгейде білмейтін еді. Ал қазір бұл сектор нақты қадамдар жасауға қауқарлы екені анық байқалып отыр», – деді А.Соловьева.

Осы орайда ол сайлау алдындағы саяси ландшафт тұрғысында қоғамдық саясат және тек таза саясат бар екенін байқағанын жеткізді. Қоғамдық саясат – ол азаматтар өкілдерінің көзқарастары мен ұстанымдарын қалыптастыру. Таза саясат – ол билік үшін күрес. Саяси партиялар билік үшін таласқа түссе, ал үкіметтік емес сектор билік үшін тартыс әділ әрі таза өтуіне ықпал етеді. Сондықтан сайлау науқанында үкіметтік емес сектордың байқаушы ретіндегі мәні мен маңызының негізі осында жатыр.

«Атап айтқанда, үкіметтік емес ұйымдардың байқаушылары тіркеуден өтіп, учаскелер бойынша жұмыс істейді. Бұл ретту сайлау кезінде дауыс беру барысын қарайтын адамдар көп болады. Олардың осы науқанға қатысуы ашықтықты қамтамасыз етеді, яғни қоғам сайлау нәтижесіне сенім білдіруі үшін жағдай жасайды. Өздеріңіз білесіздер, кейбір көршілес елдерде бірнеше рет революция өткенімен, меңзеген нәтижесіне қол жеткізе алмады. Оларға қарағанда біз эволюциялық жолмен жылжып келеміз. Бұл өз кезегінде елімізде реформалар жүргізуге, кемшіліктерді айқындауға, одан қорытынды шығаруға, сондай-ақ ары қарай қозғалуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Айгүл Соловьева.

Оның сөзіне қарағанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыруға сыртқы талдау және бағалау жүргізетін республикалық арнайы мониторинг тобы тиісті Хартияны даярламақ. Онда ЕҚЫҰ-ның, халықаралық конвенциялардың негізгі принциптері, сондай-ақ Қазақстан заңнамасының нормалары қамтылады. Құжат тәуелсіз байқаушыларды осы барлық нормалар мен принциптердің сақталуын қарауға шақырады. Бұл тұрғыда сайлау кезінде түсініспеушілік болмауы үшін, сондай-ақ науқан барысында заңсыздыққа жол берілмеуі үшін жағдай жасалады. Осы бағытта қоғамда аталған сайлауға қатысты сенім де болады.

«Алдағы сайлауда байқаушылар саны едәуір артады деген ойдамын. Осы орайда дауыс беру процесі егжей-тегжейлі назарда болады», – деді қоғам қайраткері.

Оның пікірінше, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары құрамының елеулі түрде жаңаруы да өзінің оңтайлы рөлін атқарады. Сонымен қатар, прокуратура органдары заңдылықтың сақталуын тыңғылықты бақылап, ескертулерге шұғыл әрекет етуі керек. Себебі ережені немесе заңнаманы бұзу фактілері орын алса, бұл өз кезегінде қоғам тарапынан қарсы реакцияның болуына ықпал етеді.

А.Соловьеваның атап өтуінше, биыл кейбір мемлекеттерде сайлау науқаны кезінде заңнама талаптарының тиісті деңгейде орындалуына қатысты қоғам тарапынан күдік болды. Осының салдарынан халық наразылық білдіріп жатты, кейіннен бұл қозғалыс жағдайды мүлдем ушықтырып жіберді.

«Жалпы, сайлау науқанына қатысты болжам айту қиын. Дегенмен елімізде талаптардың орындалуы тұрғысында тиісті заңнамалық жағдайлар жасалды. Меніңше, бізде сайлауға сенімсіздік болмауы үшін тәуекелдер барынша ескерілді», – А.Соловьева.

Сөз соңында ол Қазақстан халқы тұрақтылық пен заңдылықты бағалайтынын атап өтті. Сондықтан елімізде өткен сайлаулардағы секілді алдағы дауыс беру науқанын тыныш әрі байсалды түрде өткізу үшін барлық жағдай бар деп айтуға болады.

inform.kz

Back to top button