«Сергектің» ақшасы қайда кетеді?
Соңғы кездері әңгіменің бәрі «Сергек». «Жол бойындағы камералар халықты қанап жатыр», «Айыппұлдың ақшасы жеке біреудің қалтасына кетіп жатыр», «Көшеде жүре алмай қалдық» деген ашулы пікірлер жиі айтылуда. Осыған орай BASNEWS.KZ тілшісі «Сергекті» орнатқан, басқарып отырған компания – «Көркем-телеком» ЖШС директоры Әсет Ахметовпен әңгімелесіп, өзекті сұрақтарға нақты жауап алып қайтты.
Айыппұлдан түскен ақша қайда кетеді?
Жергілікті бюджетке. Түбіртекті қарасаңыз қала әкімшілігінің реквизиттері көрсетілген. Бірден қазынаға түседі.
Сонда қалай пайда табасыздар?
Біз мемлекеттік – жекеменшік серіктестік бойынша жұмыс істейміз. Айппұлдың ақшасы бюджетке, ол мемлекеттің ақшасы. Сосын айына белгіленген бір сома бар, мысалы 100 мың теңге деп алайық. Егер айыппұл 100 мыңнан асса біз өз үлесімізді аламыз. Егер аспаса, яғни ешқандай тәртіп бұзушылық болмаса біз де еш пайда таппаймыз. Мемлекетпен арадағы басты келісім-шарт осы. Яғни, мемлекет ең бірінші қаржылай пайданы алады. Ал барлық жүргізушілер үйреніп, тәртіп орнағанда бәріне де пайдалы болады.
Түсінгенімше егер жүргізушілер ереже бұзбаса Сіздерге ешқандай пайда түспейді ғой?
Дәл солай. Және ол өте жақсы. Бұл жерде басты мақсат пайда табу емес, заңды сақтауға көмектесу. Және тағы бір айтатын нәрсе бар. 2017 жылға дейін, яғни «Сергекті» орнатқанға дейін айыппұл салынғанымен соның тек 50-60 пайызы ғана төленген. Жүйе болмаған, сәйкесінше ереже бұзушылар ертең жазаланбайтынына сенімді жүре берген. Егер біз тәртіп бұзуды азайтып, ал оның уақытылы, толық төленуіне қол жеткізсек қала көшелері қауіпсіз болар еді.
«Сергек» қандай заң бұзушылықтарды анықтайды?
Бағдаршам, жылдамдық, BusLine, сосын бағдаршамның алдындағы стоп-сызықтан өткендерді түсіреді. Өйткені осы ережелер жиі бұзылады, апат көп тіркеледі.
Кей көшелерде жылдамдықты көрсететін белгілер қойылмаса да, «Сергек» түсіріп алып, айыппұл жібереді деп жатады жүргізушілер. Оны кім бақылайды?
Әрбір кешенді бейнекамераларды іске қосу үшін комиссия құрылып, полиция қызметкерлері барып қарайды. Түрлі белгілерді де қоятын солар. Біз тек берілген мәліметтер бойынша шектеулер қоямыз. Сосын тағы бір ескеретін нәрсе бар. Егер Сіз жедел жәрдем не өрт сөндіру көлігі сияқты арнайы қызметтерді өткізу үшін немесе жолды реттеуші полицей көлік кептелісі болғанда қызылға өткізсе де камералар түсіреді. Бірақ Сізге айыппұл туралы хабарлама жіберер алдында барлық тіркелген жағдайлар қолмен тексеріледі, егер расталса полиция қызметкері өзінің электронды қолтаңбасымен (ЭЦП) растайды. Ал Сіз айыппұлмен келіспесеңіз немесе қате кеткенін байқасаңыз түбіртекте көрсетілген нөмірге хабарласып, тексере аласыз. Бірақ қателік миллионнан бір болуы мүмкін, ол өте сирек жағдай. Ең дұрысы тәртіп бұзбау.
Ал, шетелдік нөмірмен жүретін көліктер қалай бақыланады?
Біз ереже бұзған көліктерді бірден анықтап, ақпаратты полицияға жібереміз. Бірақ шетелдік көліктердің жеке сәйкестендіру нөмірі болмағандықтан иелерін табу, оларға айыппұл салу қиын еді. 2019 жылдың соңында ғана олардың сақтандыру полисін интеграциялау енгізілді. Енді әр шетелдік көлік міндетті түрде сақтандыру полисімен жүреді және соның нөмірі арқылы кімнің тәртіп бұзғанын тез тауып алуға болады.
«Сергек» камералары көшеде болған қылмыстарды түсірмейді деп жатады. Оның функциясына кірмей ме?
«Сергек» тек қана жолдағы заңбұзушылықтарды ғана емес, көшедегі қылмыстарды түсіреді. Бірақ, біз тек техникалық жағына жауап береміз, барлық бейнежазбаларды ұсынамыз. Ал оны пайдалану полиция құзырында.
Айта кетейік, «Сергек» жүйесі жайлы халық аузында түрлі аңыз тарауда. «Қытайдың фирмасы екен» деген қауесет те бар, «Барлық ақша біреудің қалтасын толтыруға арналған» деп айтады. Бір сөзі ғана рас: бейнекамералар Қытайда жасалған. Бірақ олар халықаралық стандартқа сай, әлемдік бренд, тек зауыты Қытайда. Айфонды шығаратын «Apple» зауыты да Қытайда орналасқан ғой, тура сол сияқты. Ал қалғаны, әсіресе интеллектуалдық меншік, оның ішіндегі түрлі бағдарламалар барлығы Қазақстанда жасалған, ел игілігіне жұмыс істеп жатқан өнім.
Және де «Сергектің» басты қызметі оңды-солды айыппұл сала беру емес. Тәртіпке шақыру. Жолдағы тәртіп деген ол Сіздің, Сіздің балаларыңыздың, жақындарыңыздың қауіпсіздігі. Ең басты мақсат осы. Жолда абай болыңыздар!
Рахмет!