Өмірзақ Шөкеев: Түркістанның көркеюіне бар күш-жігерімізді саламыз
«Түркістан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстар өз жалғасын тауып, Түркістан қаласының көркеюіне бар ынтамыз бен күш-жігерімізді саламыз»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев есептік кездесуінде.
Түркістан қаласын дамытуда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қаланың әкімшілік – іскерлік орталығында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге 100 шақырым инженерлік инфрақұрылым тартылды. Ал, рухани-мәдени орталықта құрылысы жүрзілген 9 нысанның жетеуі пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Тұңғыш Президент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы (Арбат), желілік саябақтар, гүлзарлар, Қожа Ахмет Ясауи мен Рәбия Сұлтан Бегим кесенелерін қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе көне қонысының тарихи орындарын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған қоса, әкімшілік-іскерлік орталығында 28 гектар аумаққа Дендросаябағының құрылысы және 9 гектар аумаққа саябақтың жанынан жасанды көлдің құрылысы басталды.
«Жалпы, қала тұрғындарын өмір сапасын жақсарту мен әл-ауқатын арттыру мақсатында бүгінгі таңда қала халқын қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйлерімен қамтамасыз етілуде. Оның ішінде ерекше тоқтап атап өтетін болсам, Түркістан қаласын толық табиғи газбен газдандыру мәселесі болатын. Газ құбырларын тарту жұмыстары 100 % аяқталып, 42 мыңнан астам абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылып, 26 400 абонент (63%) көгілдір отын тұтынуда. Бұдан бөлек, әкімшілік – іскерлік орталығында жалпы ауданы 465,3 мың шаршы метр немесе 9052 пәтерді құрайтын 177 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 28 үйдің құрылысы аяқталып, 1150 пәтер пайдалануға берілді»,-деді Өмірзақ Шөкеев.
Өңірдің әлеуеті мен туризм саласын көтеретін бірден-бір ірі жоба Түркістан қаласының халықаралық әуежайының құрылысын атап өтуге болады. Түркістан халықаралық әуежайы былтыр еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен техникалық іске қосылып, 1 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласына алғашқы әуе рейсі ұша бастады. Бүгінде әуежайдан Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына әуе рейстері орындалуда. Алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларына және шетелге әуе рейстерін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Жеке салымшылар тарапынан «Керуен – Сарай» кешені, халықаралық стандартқа сай «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan», «НұрӘлем» қонақ үйлері сынды ірі жобалар салынып, оның «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan» қонақ үйлер толық аяқталды. «Керуен – Сарай» кешені –көне шаһарға архитектуралық көрік беретін шығыс үлшігіндегі көп функционалды заманауи туристік жоба.
Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, облыста алғаш рет 7 700 га аумаққа Жасыл белдеу құрылып, өткен жылы 2400 га аумаққа 1 млн – нан астам көшет отырғызылды. Жоспарланған меже биыл толығымен іске асады.