Еліміздегі апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Елімізде апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйіске шолуын ұсынамыз.
Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ержан Нигматоллаұлы Ашықбаев Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.
2013 жылғы желтоқсаннан бастап 47 жастағы Ержан Ашықбаев Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.
Ал оның орнына Ақан Ақасұлы Рахметуллин Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының өкімімен Берік Шолпанқұлұлы Шолпанқұлов Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары лауазымына бекітілді.
Берік Шолпанқұлов 1976 жылы Алматы облысында туған. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-бухгалтер мамандығы бойынша бітірген. 2016 жылдан бастап ҚР қаржы вице-министрі лауазымын атқарды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының өкімімен Дина Төлеубекқызы Ғалиева Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды.
Ал Түркістан облысында тұңғыш рет әйел адам қала басшысы лауазымын иеленді. Нақтырақ айтсақ, Арыс қаласының әкімі болып Гүлжан Мамытқызы Құрманбекова тағайындалды.
Гүлжан Құрманбекова 1965 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. 1987 жылы Алматы халық шаруашылық институтын бітірді. 2020 жылдан бері Түркістан облысы әкімінің экономика, қаржы мәселелері бойынша кеңесшісі болды. «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Ақтөбе облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметіне Айбек Қайыр келді.
Осы лауазымға тағайындалар алдында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болды.
Бұл аптада «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ-ның жаңа басқарма төрағасы тағайындады. Аталмыш лауазымға Асылбек Есімқанұлы Есенбаев ие болды.
Асылбек Есенбаев – білімі бойынша экономист, 1998 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірді. Саяси ғылымдар кандидаты. Осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде басқарма басшысы лауазымын атқарды.
Сонымен бірге, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Олег Крук тағайындалды.
Олег Крук 1967 жылы Павлодарда дүниеге келген. 1992 жылы Павлодар индустриалды институтын бітіріп, өнеркәсіптік жылу энергетик мамандығын иеленді. 2020 жылы ол Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылығына тағайындалып, онда бүгінгі күнге дейін жұмыс істеді.
Қызылорда қаласына да жаңа әкім келді. Бұл лауазымға Ғанибек Қонысбекұлы Қазантаев тағайындалды.
Ғ. Қазантаев 1960 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «мұнай және газ кеніштерін игеру» мамандықтары бойынша бітірген. 2019 жылғы қыркүйек айынан бастап ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Павлодар облысы әкімінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары да ауысты. Бұл қызметке Динара Шаймұратова тағайындалды.
Динара Шаймұратова 1978 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. 2000 жылы Алматы технология және бизнес университетін экономист мамандығы бойынша тәмамдап, 2017 жылы қаржы академиясында экономика және бизнес магистрі дәрежесін алды. 2018 жылдан бастап бүгінгі тағайындалуына дейін ҚР Қаржы министрлігінің жоспарлау және бухгалтерлік есеп департаментін басқарды.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқармасының шешімімен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалады.
Нұрлан Сауранбаев 1967 жылы Жамбыл қаласында туған. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Мұнай өнеркәсібін оқыту орталығын (Италия) бітірген. Мамандығы бойынша экономист, мұнай әкімшілендіру магистрі. 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен Аян Бахиянов Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Бұған дейін ол Балық шаруашылығы комитетінің Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары қызметін атқарған. Аян Бахиянов 1983 жылы 2 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. С. Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетін «Өнеркәсіптік балық аулау» мамандығы бойынша бітірген. Балық шаруашылығы саласында 2005 жылдан бастап жұмыс істейді, еңбек жолын салалық комитеттің жетекші маманы қызметінен бастаған.
Апта соңына қарайы Әсен Жақсылықов Зеренді ауданының әкімі болып тағайындалды
Әсен Жақсылықов 1980 жылдың 3 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысы Чистопольский ауданы Баррикады аулында туған. Білім жоғары, «Фемида» Қарағанды заң университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Ақмола облысы кәсіпкерлер қауымдастығы басқармасының мүшесі, 5-ші шақырылған Көкшетау қалалық мәслихат депутаты
Мемлекет басшысының тағы бір өкімімен Қанатбек Бақытұлы Жайсаңбаев ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.
Мемлекет басшысының өкімімен ҚР Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болған Нұрлан Сауранбаев лауазымынан босатылған еді. Кейінірек Нұрлан Сауранбаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ» басшысы қызметіне тағайындалды.
Сондай-ақ, Мұхтар Жұмағазыұлы Керейбаев «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.
Мұхтар Жұмағазыұлы 1964 жылғы 6 қазанда Семей облысында дүниеге келген. Алматы инженер және теміржол көлігі институтында «инженер-механик» мамандығы, Қазақ гуманитарлық заң академиясында «құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. 2021 жылғы наурыздан бастап «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы болды. Керейбаев Мұхтар Жұмағазыұлы «Құрмет» орденімен марапатталған.
Кеше ғана Сәбит Шілдебай «Орталық мемлекеттік архив» Республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды.
2019 жылдың мамырынан бастап Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Бір монография, бір оқу құралы, 3 ғылыми жинақ пен 150-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Сонымен қатар 150-ден аса публицистикалық, журналистік зерттеу және саяси сараптама мақаласы БАҚ-да жарық көрген. Тарих ғылымының кандидаты, ҚР Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты (2010).