BasNewsЖаңалықтарПікір

Бауыржан Ердембеков: Ақылды әрі білімді ұрпақ болса бізге мұнайсыз да өмір сүруге болады

Жасыратыны жоқ бүгінде қоғамда талқыланып жатқан әлеуметтік, медицина салаларымен қатар білім саласы жайлы жетістіктер ғана емес сын пікірлер де көп айтылуда. Көпшіліктің талқысына түсіп, биік мінбеден бастап, қатардағы адамдардың сын көз қарастарына ұшырап, жиі сөз болатын ЖОО-ның хал ахуалы жайлы Алаш қаласының мол тарихты жоғары оқу орны Шәкәрім атындағы университеттің ректоры Бауыржан Аманкелдіұлымен сұхбаттасып, түйткілікті сұрақтарға жауап алуға  тырыстық. Білімділігімен қатар, қарапайым  Бауыржан мырза інім деп ізет көрсетіп, әсем жиһаздармен емес, алаш зиялыларының портреті тұрған кабинетінде қабыл алды. Қысқа ғана хал сұрасып, сұхбатымызды бастап кеттік.

– Пара беріп отырған студент пе, әлде алған оқытушы ма? Кім кінәлі?

–  Студенттер дипломдарын сатып алатын университеттер бар. Оған қоғамның өзі кінәлі. Сол қоғамды жасап жатқан бәріміз кінәліміз. Білім беру мекемелерінің студенттері дипломдық жұмыстарын сатып алатыны да өтірік емес. Осылайша жемқорлық фактілері тіркеледі. Осы орайда, Шәкәрім университеті барлық аталған мәселелерді түбегейлі шешуді жоспарлап отыр. Оқу орындарда сыбайлас жемқорлық фактілері бар. Оған кім кінәлі?! Пара беріп отырған студент пе, әлде алған  оқытушы ма? Ойлап қарасақ, 11 сыныпқа дейін мектептегі оқушылар ондай ойдан аулақ болады.  Мұның бәрі ЖОО келгеннен басталады. Сол үшін университетте жемқорлық пен парақорлықты алдын-алуға арналған «Таза сессия» акциясы өтеді. Соған орай арнайы жемқорлыққа қарсы агенттік студенттермен кездесіп, сауалнама жүргізіп,  парақорлықтың зардабын жете түсіндіруде. Негізі параны оқымайтын және сабаққа қатыспайтын студенттер  береді. Ал, егер ондай оқиғалар тіркелсе, ұстаз бен студент қатар жазаланады.

Өткен жылдың соңында ел Президенті мұғалім мәртебесі туралы заңға қол қойды. 2020 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Бүгінде ЖОО-ның ұстаздарының жағдайы қалай болмақ?

– Әрине, мұғалімнің мәртебесін көтеру керек. Мектеп пен колледж мұғалімдерінің де, университет оқытушыларының да жалақысын өсіру қажет. Білім министрі 1 қыркүйектен бастап ЖОО оқытушыларының ең төменгі жалақысы кем дегенде 200 000 теңгені құрауы керек деді. Бүгінде 80, 90, 150 мың теңге алатын оқытушылар бар.

Қазір университет әкімшілігі өз оқытушыларының жалақысын көтеруі үшін өз кірістерін есептеп жатыр. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап университет оқытушыларының жалақысын өсіру жоспарланып отыр. Сонымен, Білім және ғылым министрлігіне бағынысты университеттің оқытушысы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, доцент – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге ал, ұлттық университеттерде – 400 мың теңге алуы керек.

Сіз басқарып отырған Шәкәрім университетінің құрылғанына 86 жыл. Іргелі оқу ордасы бәсекеге қаншалықты қабілетті?

– Иә, Шәкәрім университетінің бай тарихы бар. Бірақ  біз университет тарихымен емес, студенттерге беретін сапалы біліммен мақтануымыз керек.   Қазіргі таңда қаншалықты бәсекеге қабілетті екенімізді ойлауымыз керек. Күні кеше пайда болып, бізбен тең дәрежеге жеткен университеттер бар. Сондықтан біз алдыңғы қатарлы университеттермен тең болуымыз қажет. Қазір университеттің жаңа саясаты сапалы және арнайы білім беруді көздейді. Ақылды әрі білімді ұрпақ болса біз мұнайсыз өмір сүруге болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бүгінгі таңда университет 80-ге жуық бакалавриат дайындайды. Алайда ұсынылған мамандықтардың барлығы бірдей сұранысқа ие емес. Міне, сондықтан университет басшылығы, сан емес, сапа үшін жұмыс істеуге нақты шешім қабылдады. Осылайша, сұранысы жоқ мамандықтар жабылып, қажеттілігі жоғары маман иелері даярланатын болады. Үлкен мегаполистерде студенттерді белгілі бір бағытта ғана оқытатын университеттер бар. Бұрыңғы 4 институт бүгінде бір ЖОО біріктіріліп отыр. Сондықтан, аймақ үшін көпсалалы университет қажет деп санаймын.

 Ректорлық лауазым сізге таңсық емес, бұдан бұрын Ақтөбе өңірлік ЖОО-да басшылық еттіңіз. Жалпы университетті жекеменшігіндей сезінетін әріпстестеріңіз бар. Ал сіздің көңіліңіз қалай?

– Университет ректордың жекеменшігі емес. Мен басыбайлы иемденім, мемлекеттің дүниесін, өзімідікі деп қарайтын жайтқа қарсымын. Ректор бәрін шешеді деп, барлығы басшының алдына келіп, әр түрлі мәселелерін айтады. Бұл дұрыс емес. Ұстаз, куратор, декан, проректор білікті және өз істеріне жауапты болу керек. Сонда  студенттің де, ата-ананың да, оқытушылардың да уақыты ректордың қабылдауыда өтпейді. Ректор да креслосында әңгімелесу үшін отырған жоқ. Әр адам атқарып жатқан жұмысына адал болуы керек.

Биылдан бастап коммерциялық емес акционерлік қоғам болу арқылы университет еркіндікке көшті. Бірақ, ол еркіндік ректорға берілді деген сөз емес. Енді барлық мәселелерді шешетін директорлар кеңесінің құрамы бар, ал ректор сол құрамның бір мүшесі ғана. Кеңеске 15 адам қатысып, барлық маңызды шешімдер жиналыстарда қабылданады. Осылайша, ректор бұдан былай университеттің дамуының стратегиялық жоспарын, қаржылық мәселелерін өзі жеке шеше алмайды. Бұл мәселелердің барлығы тек директорлар кеңесінде қабылданады.

Ал «университет қаржы ресурстарын қайдан алады?» деген сұрақ көптің көкейінде жүргенін жақсы білемін. Жауабын берейін.  Оқу орынның негізгі табысы ол студенттердің мемлекет бөлген гранты мен ақылы ақшасы. Сонымен бірге, Білім министрлігі материалды базаны жаңарту үшін еліміздегі 20 жоғары оқу орнына 1 миллиард теңге көлемінде қаражат бөледі. Бірақ бұл үшін біз барлық талаптарға сай болуымыз қажет. Сондай-ақ, «Шәкәрім шапағаты» фонды құрылып, алдағы уақытта меценаттарды тарту ойластырылды.

– Алапауыт Америкадағы белгілі  ЖОО-ның барлығы жекеменшік. Қаржыны өздері табады. Демек нарықта бәсекелесу үшін барын салып, сапалы мамандар даярлауға атсалысады. Сол арқылы көбірек студенттерді қатарына қосуға мүмкіндік болады. Бізде ЖОО-ы мемлекетен қаржы бөлінетіндіктен, әйтеуір студент бізге түседі деген ой олардың дамуына кедергі болып отыған жоқ па?

– Расында, қазір еліміздегі барлық ЖОО-ы талапкердің талабына қарай емес, қалтасына қарай қабылдап жатыр. Оның үстіне өзің айтып отырған АҚШ-дай білімсаласына қыруар қаржы құятын меценаттар бізде жоқтың қасы. Иә, әркімнің жағдайы бірдей емес, мынау коронавирус деген пәленің кесірінен талай жандар жұмыссыз қалды. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандар өлместің күнін кешуде. Әлеуметтік жағдайға байланысты жыл сайын барлық студенттер өздері қалаған мамандыққа түсе алмай жатады. Ата-анасының қалтасы көтеретіндер ғана оқу орнына барады. Алайда, сапаға мән берген жөн. Осы ретте барша болашақ талапкерлерге бүгінгі  Шәкәрім университетінің ректоры, кеше осы жерде студент болған  өзімнің кеңесіммен бөліссем деймін. Қазақ әдебиетінің профессоры, абайтанушы болып отырған мына мен кезінде шығарма жазудан төмен баға алып, грантқа түсе алмай, келесі жылы дайындалып қайта түскен едім. Оның еш әбестікі жоқ. Керісінше, өз талабыңмен жеткен жетістік қашан да қымбат. Егер, талапкер де осындай жағдайға тап болса, оның еш өкініші жоқ. Амалсыздан өзі қаламаған білім ордасына барғаннан гөрі, келесі жылы қайта бағын сынап көрсе дұрыс болады.

–  Жоғары білім саласында ширек ғасыр қызмет жасадыңыз, қарапайым оқытушыдан ректорлық қызметке дейінгі түрлі қызмет баспалдағынан өттіңіз. Шәкәрім университетіне басшы ретінде миссияны қалай қойдыңыз, бағдарыңыз қандай?

– Әр университет басшыларының өзіндік миссиясы болады. Ол ұғынықты әрі танымды болуы қажет. Ал, Ректор Бауыржан Амангелдіұлының басты миссиясы – бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білген Абай айтқан «толық адамды» қалыптастыру. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Әр ұлттың бойына ұлттық құндылықты қалыптастырсақ, кейін шетелге барса да, қазақы болмысты ұмытпайды. Керісінше, жат елде қызмет етпей, Отанына қайта оралады. Сондай-ақ, болашақта мамандарды даярлауда қолданбалы ғылымды дамытуды жоспарлап отырмыз. Бұл екі алғышарт біздің басты міндетіміз. Оқу процесі де өте маңызды рөл атқарады. Сондықтан мұны мұқият қарастырып, келешекке кемел біліммен бастайтын білімді ұрпақ тәрбиелеуіміз басты назарда.

 Соңғы жылдары мемлекеттік басқару саласында «ашықтық» деген трендтік сөз қолданыла бастады. Сұхбат барысында өзіңізді ашық адам екеніңізге көз жеткізіп отырмын. Әлде тек басшылар мен журналистерді ғана осылай жылы қарсы аласызба?

– Мен екіжүзділікті ұнатпаймын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, біз адамдарға жақын болып, ашық саясат жүргізуіміз керек.

Қазіргі кезде білім беру саласы өмірдің маңызды салаларының бірі болып табылады. Өйткені білім бәріне де ортақ. Адам өмірінің белгілі сатыларының өзі білім мен тәрбие саласына тікелей байланысты. Мысалы, бала дүниеге келген соң қайда барады – бала бақшаға барады. Одан кейін ес біліп, етек жапқан соң мектепке барады, мектептен кейін де оқуын жалғастырады. Сондықтан, білім мен тәрбие саласы үнемі халық назарында. Ал халық назарынан еш түспейтін сала үнемі сынға түсіп, бағаланып отырады.

Басқа министрліктермен салыстырғанда Білім және ғылым министрлігі жоғарыда аталған ашық саясатты жүргізуде. Олар кейбір мектептердің немесе университеттердің жабылғаны туралы тікелей және ашық хабарлап отырады емес пе. Оны өзің де біліп отырған шығарсың.

Несіпбек Айтұлының мынадай тамаша өлең жолдары бар:

Құласа қызметінен күні батып,

Аты өшер талай жанның тірі жатып.

Мәнсаптың құлы болу зор қасірет,

Ұлтыңның ұлы болу ұлы бақыт.

Сізге мансаптың құлы емес, ұлтыңыздың ұлы болыңыз деп тілейін. Ашық сұхбатыңызға рахмет.

  • Өзіңе де рахмет!

Әңгімелескен Қуаныш Рахметоллаұлы

Back to top button