BasNewsЖаңалықтарСараптама

Ауыл шаруашылығына арналған жерді сатуға енгізілген мораторий 5 жылға ұзартылды (видео)

Жер комиссиясы қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беруге енгізілген мораторий мерзімін 5 жылға ұзартты, – деп хабарлайды BasNews.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық еткен Жер комиссиясының отырысы өтті. Іс-шара барысында комиссия мүшелері бұрын жұмыс топтарында қаралған мәселелер бойынша дауыс берді.

Атап айтқанда, Жер кадастры мәліметтерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарына жалға берілген жер учаскелері бойынша кадастрлық ақпаратты (оның ішінде заңды тұлғаның атауы немесе жер пайдаланушылар болып табылатын азаматтардың тегі) көруге мүмкіндік беретін норманы әзірлеу және Парламентке енгізу туралы ұсыныс қолдау тапты.

Сондай-ақ, елді мекендердің айналасындағы қоғамдық жайылымдарға арналған жерлерді белгіленген радиус шегінде резервтеуді көздейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ұсынымы қабылданды.

Үшінші мәселе – қазақстандықтар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беру мәселесі тағы да қызу талқыланды. Отырысқа қатысушылар үшке бөлінді: жеке меншікті жақтаушылар, тыйым салуды жақтаушылар және фермерлерге ұзақ мерзімге жалға берген дұрыс деп санайтындар.

Комиссия мүшелерінің арасында бірыңғай пікір қалыптаспағандықтан, Ералы Тоғжанов мәселені егжей-тегжей пысықтауды ұсынды.

Айтылған ойларды, қоғамның пікірін, сондай-ақ осы мәселенің экономика мен ауыл шаруашылығы үшін маңыздылығын ескере отырып, комиссия төрағасы:

  1. ауыл шаруашылығы жерлеріне толық түгендеу жүргізу, оның барысында елдің барлық жерлерінің топырақ және геоботаникалық ерекшеліктерін ескеру;
  2. нарықтық бағаны ескере отырып, жер құнына толық тексеру жүргізу және соңғы 10 жылда өзгермеген ауыл шаруашылығы жерлерінің кадастрлық құнын қайта қарау;
  3. жерді әділ және ашық беруді қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жерлерін электрондық форматта және ашық қолжетімділікте беру тетігін енгізуді ұсынды.

«Түпкілікті шешім қабылдауға біраз уақыт кететіні анық. Асығуға болмайды. Аталған жұмыстарды сапалы орындау және енгізу үшін 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт қажет. Осылайша, қазақстандықтар үшін жеке меншікке мораторийді көздейтін норманың қолданылу мерзімін 5 жылға ұзартуды ұсынамын», – деді Тоғжанов.

Бұл ұсыныс дауыс беруге шығарылып, комиссия мүшелерінің басым көпшілігі қолдады.

Қорыта келе, ҚР премьер-министрінің орынбасары Жер комиссиясы жұмысының нәтижелері туралы ақпарат берді.

Оның айтуынша, бір ай ішінде комиссия мен жұмыс топтарының 12 отырысы өткізіліп, онда 113 мәселе мен ұсыныс қаралды. Оның 20-сы бойынша нақты шешімдер қабылданды. 28 ұсыныс Парламентке және 47 ұсыныс нақты шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдарға жіберіледі. Жұмыс топтарында күн тәртібінен 18 сұрақ алынып тасталды. Отырыстар ашық өтті және телеарна мен интернетте трансляцияланды. Комиссияның әрбір мүшесі сөз сөйлеуге және өз пікірін айтуға толық құқылы болды.

Сондай-ақ, ол комиссия АӨК саласын дамытуға оң ықпал ететін бірқатар маңызды шешімдер қабылдағанын атап өтті. Оның ішінде:

– қазақстандықтарға ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту үшін негізгі шешім болып табылатын жаңа мерзімге жалға беруді ұзартудың басым құқығымен ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін ұзақ мерзімді жалға алу мүмкіндігін беру;

– барлық қазақстандықтар үшін ұзақ мерзімді жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жер кадастры деректеріне қолжетімділік жасау;

– жер қатынастарын цифрландыру мәселелері жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін 2023 жылдан бастап әкімдіктер жанындағы жер комиссияларын тарату;

– ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қосалқы жалға беруге тыйым салу бойынша;

– қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерлерін бекіту туралы Үкімет қаулысын қабылдау бойынша;

– жайылымдық жерлердің жүктемесі туралы өзекті деректерді алу үшін космомониторинг сервисінің және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз ету бойынша;

– жергілікті халыққа орман қоры жерлерін 10 жыл және одан да көп уақыт мал жаю және жем-шөп дайындау үшін пайдалану мүмкіндігін беру, сондай-ақ ауылдық елді мекеннің айналасындағы радиусты халық үшін қоғамдық жайылымдарға енгізу мәселелері бар.

Комиссия ұсыныстарының негізінде қазіргі уақытта арнайы заң жобасы әзірленуде, ол белгіленген тәртіппен келесі айда Парламентке енгізілетін болады, деп хабарлады Комиссия төрағасы. Комиссия мүшелері оны қарау кезінде жұмыс топтарына қатыса алады.

«Құрметті комиссия мүшелері, біз жан-жақты талқылаулар жүргіздік және комиссия алдында тұрған негізгі мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдадық. Бұдан әрі жұмыс комиссия шешімдерінің қорытындылары бойынша әзірленетін заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобында жалғасады.

Осы жұмыс тобын құруды Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырамын.

Комиссияның әрбір мүшесі осы жұмыс тобының құрамына өз еркімен кіріп, оның жұмысына қатыса алады», – деп қорытындылады Ералы Тоғжанов.

Back to top button