BasNewsЖаңалықтар

Мақтаарал апатына бір жыл: Болат Назарбаев қоры зардап шеккендерге нендей көмек көрсетті

2020 жылдың қазанында Болат Назарбаевтың “Салиқалы ұрпақ” қоғамдық қоры Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 20 үйдің кілтін табыстады. Араға бір жыл салып директор Қасым Қасабеков бастаған қор ұжымы су жаңа баспана иелеріне қонақ болып, сол алапат тасқынның оқиғалары мен бір жылда өзгерген өмірі туралы әңгімелесіп қайтты, деп хабарлайды BasNews.kz.

Еске сала кетейік, 2020 жылы 2 мамырда Өзбекстандағы су қоймасынан бастау алған тасқын Мақтааралдың 4 елдімекенін сумен шайып кеткен еді: Жаңа Тұрмыс, Жеңіс, Фердауси, Өргебас. Мақтааралдықтардың өмірі су тасқынына дейінге кезеңнен мүлдем өзге. Көпшілік малынан, егінінен, ең бастысы баспанасынан айрылып қалды. 620-дан астам тұрғын үй су астында қалды. 3-мыңдай адам қауіпті аймақтан шығарылған еді. Адамдар далада қалып, туысқандар мен арнайы құрылған орталықтарды жағалауға мәжбүр болды.

Сол сәтте Қазақстандықтар бір адамдай бірігіп, отандастарына жәрдемдесуге асығып, гуманитарлық жүк пен қаржылық көмегін жеткізіп жатты. Алғашқылардың бірі болып 20 тонна азық-түлік, гигиена құралдары және өзге де заттар жіберген Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры қол ұшын созды. Сондай-ақ су апатының салдарымен күресу, тұрғындардың үйін қалпына келтіру мәселесі тұрды. Бұнда да қор үлкен қолдау білдірді.

“Біздің қашуға ғана шамамыз келді”, – су басқан “Жеңіс” ауылының тұрғыны Баян Молдабекова.

«Күндіз біз қырманда едік. Қырманның қасында арна бар. Ол әрдайым құрғап тұратын, бір кезде ол дымқылдана бастады. Осы кезде бірдеңе болғанын түсіндік. Кешке әкімшіліктен адамдар келіп Өзбекстанда дамба жарылғанын жеткізді. Соңыра іргеміздегі ауылды түгел су басып қалғаны белгілі болды. Бізді су түнде шая бастады. Біз балаларды жетектеп, тапқан көлігі ізбен ауылдан шығып кетуге асықтық. Заттарымызды алып, малдың қорасын ашуға да шамамыз келмеді. Тек қаша бердік.

Сөйтіп, ештеңесіз далада қалдық. Әуелі, көрші ауылдағы туыстарға бардық. Бір күн сол үйде түнеп, келесі күні Мақтааралдағы мектепке орналастық. Ол жерде эвакуациялық пункт бар еді. Біздің отбасымызға бір сынып бөліп беріп, матрас, көрпе, жастықтар әкеп берді. Осылай екі-үш ай өмір сүрдік. Кейін бізді бір ауылдың балабақшасына көшіріп жіберді. Ол балабақшада екі бөлмеміз болды. Біреуін жатын орын, біреуін ас үй етіп алдық. Бес адам бір бөлмеде сығылысу қиынға соғатын.

Осынша сынақтан өткенде “Салиқалы ұрпақ” қоры бізге Мырзакент ауылынан үлкен үй сыйламақшы екенін естігенде сене алған жоқпыз. Сөйтсек, Болат Назарбаевтың қоры су тасқынынан зардап шеккендерге 20 үй салып берген екен. Соның бірі бізге бұйырды. Қазір отбасымыздың әр мүшесінде бір бөлмеден бар. Барлығы 4 бөлме: 1 зал, 3 жатын орын, кіреберіс, ас үй және жуынатын бөлме. Ыстық және суық су бар. Осы үйде бір жыл тұрып жатсақ та, қуанышымыз әлі басылар емес. Мұнша сынақтан аман шығып, үй алуға жәрдем бергені үшін қорға алғысымыз шексіз. Өміріміз ақырындап реттеліп келеді. Мен бір жылды жергілікті мектепке жұмысқа тұрдым”.

“Далада қалғанымызды мойындау өте ауыр болды”, – су басқан Фердауси ауылының тұрғыны Абдулатиф Надиров

«Мен Фердауси ауылында информатика пәнінің мұғалімі едім. 4 баланың әкесімін. Өзбекстанда техногендік апат орын алып, бізге қарай сұмдық тасқын келе жатыр дегенді естігенде мұндай көлемдегі су келеді деп ойлаған жоқпыз. Сол үні ауызашардан кейін көшеге шыққан біздің ауылдың тұрғындары су келе жатқанын байқады. Шамамен, таңғы 4 кезінде су біздің ауылға толық жетіп үлгеріп, эвакуация басталды. Біз балаларды жетектеп алып, үйден атып шықтық та, көлік боп қалар деген үмітпен жолдың бойында тұрдық.

Әкімшіліктің өкілдері, еріктілер мен әскерилер келді. Бізді “Науаи” ауылындағы мектепке орналастырды. Сол жерде бір айдай тұрдық. Біз үшін барлық жағдайды жасап, жақсы тамақтандырып, қабағымызға қарап жатты. Балаларымыз өз-өзіне тезірек келу үшін, “Салиқалы ұрпақ” қорының ДемаLIKE жазғы лагеріне жіберді. Бірақ, сол уақыттта, үлкен адам деген біздердің ойымызға неше түрлі ауыр дүниелер келді. Далада қалғанымыз мойындау ауырға соқты. Басымызды салбыратып, енді не боларын білмей дал болдық. Біз мектепте жатқанда, ресми құзырлы өкілдер келіп, үйлерді қалпына келтіретіндігін, бәрі жақсы болатындығын жеткізіп айтып жатты. Біз, сонда да, үреймен күтіп отырдық.

“Салиқалы ұрпақ” қорының қаржысына салынған Мырзакенттегі жаңа үйіміздің босағасын аттағанда осыған дейінгі бар уайымымыздың бекер екенін түсіндік. Біз бұндай баспана туралы армандаған да емеспіз. Үлкен, жарық бөлмелер. Ыстық, су, газ, барлық жағдай бар. Шынын айтсақ, бұндай нығметтер бізде бұған дейін болмаған еді. Үйдің алды да өте әдемі, кең. Кішігірім бағшамызға көкөніс, жеміс-жидек өсіріп отырмыз. Үйдің мәселесі шешілгесін, мен қайта жұмысқа тұрдым. Қазір қайтадан мектепте информатика пәнінің мұғалімі боп қызмет етіп жатырмын”.

Бүгінгі Мақтаарал

Мақтааралдағы су апатынан зардап шеккендердің үйлерін қалпына келтіру үшін мемлекет Мырзакент ауылынан 5 гектар жер бөлген болатын. Осы күні әртүрлі ұйымдар, соның ішінде “Салиқалы ұрпақ” қорының ат салысуымен 500 үй, полиция пункті, дәрігерлік амбулатория, 280 орындық балабақша салынып, 1200 орындық мектеп аяқталғалы тұр және балалар алаңдары салынып жатыр. Тұрғызылған үйлер барлық қажетті коммуникацияларға қосылған. Апат кезінде малы мен егінінен айрылған адамдарға өтемақы берілді.

Ақпарат үшін: Болат Назарбаевтың қоғамдық қоры 2016 жылы құрылған. Қордың мақсаты – қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек беру.

«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының қызметі туралы толығырақ ақпаратты ресми сайттан оқыңыз.

Back to top button