BasNewsЖаңалықтарСараптама

Жезқазған, Сәтпаев, Риддер, Алтай қалалары құрдымға кете ме?

Қазақстанда түсті және сирек кездесетін металлдардың кей түрін өндіретін кен орындары алдағы 15-20 жылда жабылады. Олардағы қор таусылуға шақ. Бұл дегеніңіз Жезқазған, Сәтпаев, Риддер, Алтай қалаларының тыныс-тіршілігіне соққы болуы мүмкін. Себебі аталған қала құраушы кеніштердің есебінен жаңағы моноқалалар күн көріп отыр. Өткен аптаның басында үкіметте өткен жиында ҚР Экология геология және пайдалы қазбалар ведомствосының басшысы Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасап тезірек қамдану қажеттігін қадап айтқан еді. 2025-2040 жылдар аралығында Малеевское, Тишинское, Орловское кеніштері біржола тіршілігін тоқтатпақ. Бұл негізінен қорғасын-мырыш рудаларын өндіретін орындар. Ал қазірдің өзінде Юбилейное, Шемонаиха, Зырян кеніштерінің қорлары таусылуда. Шикізат шығаруға маманданған шағын шаһарлар тастанды қалалардың кебін кимес үшін қайтпек керек?

Геология комитетінің төрағасы Ақбатыр Надырбаевтың айтуынша моноқалалар төңірегінде шикізат базасын ұлғайту керек. Яғни қазір қазылып жатқан кеніштердің айналасынан қосымша қор іздеу қажет. Жер қыртысының төменгі қабаттарын бұрғылап, талдау жасау шарт.

Геолог ғалым Галина Баймаханованың Қазақстандағы барланған кен орындарының қойнауы әрі кетсе 200-500 метр тереңдікте зерттелгендігін айтады. Ал қазір әлемде ашылып жатқан кен орындары кемі 500, әйтпесе 1000-1500 метр тереңдіктен қазылады. Тиісінше оған бөлінетін қаражат миллион емес, миллирдтаған доллармен жұмсалады.

Геологияда «керна» деген ұғым бар. Бұл – бұрғыланған жер қыртысының әр қойнауынан алынған топырақ тас тағы басқа заттарды сақтау қоймасы. Бізде ол жоқтың қасы. Себебі сол кернаның негізінде кеннің бар жоғы анықталады. Үшіншіден халықаралық стандарттарға сай сертификатталған зертханалар жоқ. Қарағандыда салды, бірақ ол жалғыз зертхана.

Бұл кемшіліктер инвестор тартуға қол байлау. Себебі барлау жұмыстарын олар өз есебінен жүргізуге міндетті. Геофизикалық әдістерді қолдану, бұрғылау-барлау жұмыстарын алдын ала дұрыс мәліметсіз жасау қауіпті. Кен табылмай миллиардтаған ақша желге ұшуы мүмкін дейді елдің бас геологы Ақбатыр Надырбаев.

Ал мәліметтің дұрыстығына қол жеткізу үшін алғашқы іздеу жұмыстары тиімді жүргізілуі тиіс. Яғни мәселе айналып келіп ақшаға тіреледі. Қазір бюджеттен жыл сайын 7-8 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді екен. Бұл тым аз.

Айта кету керек бүгінгі таңда кен алынып жатқан орындардың алды 100 жыл бұрын ашылған. Елдің геологиялық картасы 80-ші жылдары жасалды. Сондықта тезірек қамданып жаңа потенциалды жерлерді зерттеп, іздеу жұмыстарын қазіргі заман талабына сай қолға алу керек деп отыр геолог мамандар.

2019 жылы жазда құрылған министрлік (Геология экология және табиғи ресурстар) жаңа бағдарлама қабылдап 2025 жылға дейін алғашқы нәтижелерге жетуді көздеп отыр. Ол үшін бюджеттен 200 млрд тг қажет екен. Егер бастаманың айы оңынан туып ең құрмағанда 10 кен орны ашылса, оны тауып өндіріске енгізу кезеңінде 60 мың адамға уақытша, ал өндіріске енген соң 20 мың адамға тұрақты жұмыс болады деп сендіруде. 6 трлн теңгеден аса инвестиция тартылады екен.

Мұнай сервис компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша елдің геологиялық әлеуеті бұдан ондаған есе көп екенін айтып қынжылады. Тәуелсіздік алған 30 жылдай уақытта іздеу-барлау жұмыстарын тоқтатпау керек еді дейді. Мәселен бір ғана мұнай секторының қорын қазіргі 4.5 млрд тоннадан 76 млрдқа дейін жеткізуге болады екен.

Ал әзірше мемлекет балансында 8 мыңдай кен орны бар. Олардың 4 мыңдайы жұмыс істеп тұр. Қалғандары бойынша келісім-шарттар жасалмаған.

«BASNEWS.KZ» талдау-сараптама бөлімі

Back to top button