Мамай адвокаттарының апелляциялық екі шағымы да Азаматтық процесуалдық кодекс талабына сай емес – заңгер

Белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың апелляциялық сотқа түсірген екі шағымы да Азаматтық процесуалдық кодекс талаптарына сай емес дейді заңгер Айжан Тәшенова. Ол аталған істе Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің мүддесін қорғап жатыр.
Еске салайық, биыл көктемде Жанболат Мамай мен Инга Иманбай Бауыржан Байбекті «жемқор» деп айыптап, бірнеше видеоролик жариялаған болатын. Артынша Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары азаматтық сотқа шағым түсірген. Сот ерлі-зайыптыны кінәлі деп тауып, оларға видеороликтерді интернеттен өшіруге және сот шығындарын төлеуге міндеттеді. Бұл шешіммен келіспеген Мамай мен Иманбай апеллциялық сотқа шағым түсірді.
Жауап беруші тараптың үш адвокатынан апелляциялық екі шағым түскен. Заңгер Тәшенованың айтуынша, аталған екі шағым да заң талаптарына сәйкес жазылмаған.
«Бұл екі шағым да Қазақстан Республикасы Азаматтық процесуалдық кодексінің 404 және 427-баптарының талабына сәйкес келмейді. Іс үшін маңызы бар және шешімнің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болатын жаңа деректер келтірілмеген», – деп атап өтті заңгер.
Оның сөзінше, екі шағымда да нақты дәлелдер, ресми құжаттарға сілтемелер көрсетілмеген. Оның орнына әлеуметтік желідегі жазбаларға сілтемелер көрсетіліпті. Мұны Тәшенова жай ғана макулатура деп атады.
«Бұлар бізге тағы да пайдасыз қағаздарды жинап әкелді, бұл жай ғана макулатура, қағазды шығын қылды. Бірақ, бұлардан басқа не күтуге болады, осылай боларын әуел бастан-ақ білдік. Себебі, апелляциялық сотқа ұсынатын ешбір нақты дәлелі жоқ», – деді Айжан Тәшенова.
Айта кетейік, сот шешімі өзгеріссіз қалса және ол заңды күшіне енгеннен кейін Мамай мен Иманбай ондағы талаптарды орындамаса олар әкімшілік, кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Айжан Ташенова.



