BasNewsЖаңалықтар

Байзақ ауданында жарылыстар кезінде қаза болған әскери прокурор құрметіне ескерткіш тақта ашылды

Тараз қаласындағы Оңтүстік өңірдің әскери прокуратурасы ғимаратының қасбетінде ескерткіш тақта ашылды. Ол қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери прокурор, әділет полковнигі Арман Қуанышұлы Қапезовтің құрметіне арналған, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, рәсімді Бас әскери прокурор әділет генерал-лейтенанты Дастан Сартаев пен Арман Қуанышұлының анасы Ділда Қапезова ашқан.

«Арман Қуанышұлы адамдарды топтастыра білетін және әріптестер арасында құрмет пен беделге ие еді. Ол мәдениеті, ерекше ақылы және адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленетін. Арманның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі қалады», – деді Дастан Сартаев.

Сонымен қатар, іс-шараға Бас прокуратураның Кадрларды дамыту департаментінің бастығы Мұрат Тілеубердиев, Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыс Әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет, әскери және аумақтық прокурорлар, сондай-ақ Арман Қапезовтің туыстары мен жақындары қатысқан.

Олар мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойып, әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Back to top button