Санақтан онлайн өткендердің саны 5 миллионнан асты

Қазақстанда халық санағынан онлайн өткендердің саны 5 миллионнан асты. Осылайша бүгінде санаққа қатысқан халық үлесі 26,3%-ті құрады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 5 003 105 респондент онлайн санақтан өткен. Олардың 4 323 686-сы sanaq.gov.kz сайтында, 484 878 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 194 541 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысқан.
Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 136 773 және 133 377 адам санақтан өтіпті.
Ал, жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 43% сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823 052 адам тіркелген). Бұл көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 35,9% бүгінге дейін санақтан онлайн режимде өткен (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 749 754 адам тіркелген).
Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.



