Карантин шаралары жеңілтеділеді: Қиясов жаңа қаулыға қол қойды

Қазақстанның бас мемлекеттік санитария дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстанда карантинді жеңілдету туралы жаңа қаулыға қол қойды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілішісі.
Ashyq жобасына қатысатын нысандар жұмыс және демалыс күндері мына режим бойынша жұмыс істейді:
- «қызыл» және «қою қызыл» аймақтағы өңірлерде 00.00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшылары 02.00-ге дейін;
- «сары» аймақтағы өңірлерде 01.00-ге дейін, Ashyq көшбасшылары 03.00-ге дейін;
- «жасыл» аймақтағы өңірлерде 03.00-ге дейін, Ashyq көшбасшылары 05.00-ге дейін.
Қазақстанда демалыс күндері қызметкерлер мен келушілердің статусы қауіпсіз «жасыл» (вакциналау, сынама алынған сәттен бастап 7 күннен аспаған мерзімдегі коронавирус жұқтырмағанын растайтын ПТР-тест болуы, коронавирусқа қарсы екпе алуға тұрақты шектеуі бар медициналық анықтаманың болуы немесе соңғы 3 айда коронавируспен ауырғандар) болған жағдайда нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді.
Сонымен қатар Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналаудың толық курсынан өткені туралы құжатты немесе коронавирус жұқтырмағанын растайтын ПТР-тестті (анықтама берілген күннен бері 3 тәуліктен аспаған жағдайда) ұсыну арқылы медициналық-әлеуметтік нысандардағы (қарттар үйі, мүгедектер үйі, балалар үйі және басқалар) науқастарға келуге рұқсат берілді.
«Жасыл» статусы бар қонақтардың келуін қадағалау арқылы түнгі клубтарға да жұмыс істеуге рұқсат берілді.



