BasNewsЖаңалықтар

Қазақстанда ЭКҰ бағдарламасымен 25 мыңыншы бала дүниеге келді

Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасында бедеулік мәселесі бар. Отбасылы жұптардың шамамен 15%-ы сәби сүйе алмай жүр, деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Олардың жартысының дәрі-дәрмектің көмегімен табиғи жолмен көтеруге мүмкіндігі бар, ал кейбір отбасылар қосалқы репродуктивті технологияларға (ҚРТ) жүгінгені жөн.

Қазан айында ЭКҰ (экстракорпоралдық ұрықтандыру) бағдарламасы бойынша 25 мыңыншы нәресте дүниеге келді, – деп мәлімдеді ҚР ҰҒА академигі және ҚР ДСМ штаттан тыс бас репродуктологы Вячеслав Локшин.

Бедеулік – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Оның себебін акушер-гинекологтар, урологтар, андрологтар, психологтер және басқа мамандар бірігіп анықтайды. Тіпті, бедеулік екі жастың ажырасуына да түрткі болып жатады.

Тарихқа көз жүгіртсек: өткен ғасырдың 60-жылдардың ортасынан бастап биолог, физиолог Роберт Эдвардс пен гинеколог Патрик Стептоу ЭКҰ технологиясымен жұмыс істеп, зерттеу жүргізді. 600-ге жуық әрекет нәтиже бермеді. Көбіне эктопиялық жүктіліктің салдарынан баланы алып тастауға мәжбүр болды немесе табиғи түсік орын алды. Тек 1978 жылдың шілдесінде көптен күткен «пробиркадағы бала» Луиза дүние есігін ашты, анасы ағылшындық Лесли Браун еді. Луиза тарихтағы жасанды ұрықтандырудың нәтижесінде туған алғашқы бала ретінде тіркелді.

2010 жылы Қазақстанда квоталардың арқасында ЭКҰ процедурасынан тегін өту мүмкіндігі пайда болды. Ол кезде 100 квота бөлінсе, 2020 жылы екі мыңға жуық квота берілді.

2020 жылғы 1 қыркүйекте «Аңсаған сәби» бағдарламасы қосылды, ол 2021 жылы ЭКҰ-ға квоталар санын жеті мыңға жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл кезекті айтарлықтай қысқартты: қазір ЭКҰ-ға мыңға жуық отбасы өз кезегін күтуде.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button