BasNewsЖаңалықтар

Павлодарда көлік үй қоршауына соғылды: 4 адам қиранды астында қалды

Павлодарда көлік жекеменшік үйдің кірпіштен қаланған қоршауын бұзып кетті. Оқиға салдарынан бір адам қиранды астында қалып, көлікте болған тағы үш адам зардап шекті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Оқиға орнынан түсірілген видео мен суретті оқиға куәгерлері Instagram-да жариялады. Видеодан бүлінген екі көлік пен құлаған кірпіш қоршау, сондай-ақ ер адам жаяу жүргіншілер жолында үйілген кірпіш астында жатқаны көрінеді.

https://www.instagram.com/p/CVt8ohyo7Yc/?utm_source=ig_embed&utm_campaign=embed_video_watch_again

Павлодар облысының Полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, жол апаты 1 қарашада сағат 08.40 шамасында болған.

«Абай-Горький көшелері қиылысында Горький көшесі бойымен келе жатқан ВАЗ-2110 автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі жол ережесін сақтамай, Honda көлігімен соқтығысқан. Салдарынан ВАЗ жүргізушісі жекеменшік үй қоршауына соғылып, сол маңда өтіп бара жатқан ер адам қиранды астында қалған», – деді ведомство баспасөз қызметіндегілер.

Зардап шеккен 63 жастағы жергілікті тұрғын. Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәліметінше, ер адамның сол жақ жамбасы және шынтағы сынған.

«Сондай-ақ, ауруханаға 1963 жылы туған әйел, 1982 жылы туған ер адам және 24 жастағы қыз жеткізілді. Зардап шеккендердің миы шайқалып, жабық бас-ми жарақатын алған», – деді баспасөз қызметі өкілдері.

Полиция мәліметінше, зардап шеккен жолаушылар Honda көлігінде отырған.

«Оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, қажетті сараптамалар тағайындалды. ВАЗ-2110 автокөлігі айыппұл тұрағына қойылды», – деді ПД баспасөз қызметіндегілер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button