Нұр-Сұлтан полициясы жүргізушілерге ескерту жасады
Нұр-Сұлтанда ауа райының қолайсыздығына байланысты жол-көлік оқиғалары күрт көбейді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшылары мәліметінше, кейінгі тәулікте елордада 75 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам зардап шеккен.
«Тек бүгін таңғы сағат 8-ден бастап 51 жол-көлік оқиғасы тіркелді, қала тұрғындарының бірі зардап шекті. 21 қарашада сағат 21.20-да Мұхамедханов көшесімен келе жатқан Skoda Rapid көлігінің жүргізушісі Mercedes-Benz-ке жол бермеген. Соның салдарынан Mercedes-Benz көлігі соқтығысып, аударылып қалды», – делінген хабарламада.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан ешкім зардап шекпегені айтылды. Skoda Rapid жүргізушісіне қатысты ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалды.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты полицейлер жүргізушілерден көлік жүргізу кезінде барынша мұқият және сақ болуды, жылдамдықты, қауіпсіз арақашықтықты және маневр жасау ережелерін қатаң сақтауды сұрайды, сондай-ақ жаяу жүргіншілерді өте мұқият болуға шақырады.



