Ақтөбеде күдікті тергеу изоляторынан қашып кеткен
Ақтөбеде күдікті тергеу изоляторынан қашып кеткен. Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі ол бір сағат ішінде ұсталғанын мәлім етті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Күдікті 24 қарашада қашқан.
«Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД тергеу изоляторында ҚК-нің 120-бабы («Зорлау») бойынша тергеуге алынған күдікті қашып кетті. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері қашып кеткен адамды мекеме орналасқан ауданда бір сағат ішінде ұстады», – деді департамент өкілдері.
Енді күдіктінің жазасы ауырлайды – бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 426-бабына («Бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашу») сәйкес соталды тергеу басталды.
«Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін ҚАЖ комитеті қызметтік тексеру тағайындады, соның нәтижесі бойынша лауазымды адамдарға қатысты тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлады департаменттегілер.
Басқа мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмеді.


