ЖаңалықтарПікір

А.Аймағамбетов: Спорт залын жалға беруден түскен қаржы тікелей мектеп шотына аударылады

Бұған дейін мектеп спорт залын жалға беруден келген қаражат жергілікті бюджетке түсетін. Ал енді ақша тікелей мектеп шотына аударылады, деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Бұл туралы BasNews.kz ақпарат порталы  informburo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«214 нысанды жалға беру мәселесі қарастырылды. Осы мәселеге келгенде Павлодар облысы жоғары белсенділік танытып отыр. Басқа өңірлер аса белсенді емес. Спорт залды жалға беру нормаларын 2020 жылы қабылдадық, ол өте маңызды. Бұл жерде ең бастысы – бұрын спорт залды жалға беруден келетін қаражат жергілікті бюджетке ғана түсетін. Ал спорт залға жалға беру кезіндегі электр қуаты, қосымша штат, сырлау сынды шығындар ескерілмейтін. Осыған байланысты спорт залын жалға беру қарқыны өте төмен болды. Біз оны тиімді пайдалана білуіміз керек», – деді Асхат Аймағамбетов.

Осы орайда, білім министрі арнайы заңға өзгерістер енгізіліп, тиісті бұйрық қабылданып, осындай мүмкіндік беріліп отырғанына тоқталды. Яғни бұдан былай спорт залды жалға беруден түсетін қаражат тікелей мектеп шотына аударылады.


«Қаржы пайда болған соң мектеп басшылығы оны ашық, әділ жұмсайды және мектептің дамуына, электр қуатын төлеуге, әртүрлі жөндеу жұмысын жүргізуге, тиісті штат алуға, басқа да мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Ең басты қарастырып отырған ойымыз осы. Бірақ, бұл мәселеге байланысты бірнеше ережені ескеруіміз керек», – деп қосты Асхат Аймағамбетов.

Министр мектептің спорт залды тек сабақ пен қосымша үйірмелерден тыс уақытта жалға бере алатынын ескертті.

«Бізде мектептердің спорт залдары күндіз тапшы, онда уақыт жоқ. Сондықтан спорт залды жалға беру мектептің сабақ беру кестесіне ешқандай кедергі келтірмеуі тиіс. Екіншіден, оны өзінің нысанына байланысты пайдалануы керек. Үшіншіден, санитарлық-эпидемиологиялық және басқа да қауіпсіздік мәселесін реттеу», – деді Асхат Аймағамбетов.

Back to top button