Ақтөбеде автобус КамАЗ-бен соқтығысты: қаза тапқандар бар
Ақтөбе облысында 12 адам отырған вахталық автобус КамАЗ-бен соқтығысты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Полицейлердің мәліметінше, Ақтөбе облысы Темір ауданы Темір қаласына жақын маңдағы «Покровка-Жаңажол» тасжолында жол-көлік оқиғасы болған.

«Оқиға 17 желтоқсанда сағат 18:45-те болған. «Мұнай компаниясына тиесілі «ПАЗ» маркалы автокөлігінің 59 жастағы жүргізушісі (вахта, салонда 12 адам болған) Жарқамыс аулынан Ақтөбе бағытында облыстық маңызы бар «Покровка-Жаңажол» автожолының 13-шақырымында жүріп бара жатып, қозғалысқа кедергі мен қауіп туындаған кезде жылдамдықты төмендету шараларын қабылдамай, жол бойында тұрған «КАМАЗ» маркалы автокөлікпен соқтығысты», – делінген хабарламада.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жолаушы оқиға орнында қаза тауып, үшеуі Қандыағаш қаласының орталық ауруханасына түрлі жарақатпен жатқызылды. Оқиға дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.



