Алматы – Қорғас тасжолында 17 көлік апатқа ұшырады
Алматы – Қорғас тасжолында 17 көлік апатқа ұшырады. Желіде ірі жол-көлік оқиғасының видеосы тарады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Аймақ полициясының мәліметінше, жол апаты Алматы – Қорғас автожолының 134-шақырымында сағат шамамен 10.00-де болған.
«Қалың тұманның салдарынан 17 автокөлік жол апатына ұшырады. Бес адам зардап шекті, олар Шелек ауылының аймақтық ауруханасына жеткізілді. Оқиға орнында патрульдік полиция жасақтары жұмыс істеп жатыр. 84-тен 136-шақырымға дейінгі автожол учаскесі жабылды», – деп хабарлады ПД баспасөз қызметіндегілер.
«Құрметті жүргізушілер, сіздерден қозғалыс кезінде барынша мұқият және сақ болуды сұраймыз! Жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты және маневр жасау ережелерін мүлтіксіз сақтаңыз!» – деді полиция өкілдері қазақстандықтарға.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың 25 желтоқсанында сағат 12.00-ден бастап тұман мен нөлдік көрінуге байланысты республикалық маңызы бар Алматы – Қорғас жолында (24-140-шақырым, Арман кенті – Шелек ауылы) барлық автокөлік түрі үшін қозғалыс жабылды.
Бұған дейін Алматы облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты (боран, көрімділіктің төмендеуі) 25 желтоқсанда сағат 9.30-дан бастап Үшарал – Достық автожолының 83-184-шақырымында, Көктума станциясы – Достық станциясы учаскесінде (жөнделіп жатыр) автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелгені хабарланған болатын.



