BasNewsЖаңалықтар

Алматы облысында 17 көліктің қатысуымен болған жол-көлік апаты – іс қозғалды

Алматы облысында аймақтағы жол қозғалысы қауіпсіздігі мен жолдар жағдайына жауапты тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Полиция осыған дейін Алматы-Қорғас тасжолында 17 көлік соқтығысқан ірі жол-көлік оқиғасына кінәлі қызметкерлерді жауапқа тартпақ. Апат себептерінің бірі – ауа райы қолайсыздығы мен көктайғақ. Оқиға салдарынан зардап шеккендер бар.

«Жолдарды пайдалану және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапты тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 353-бабы «Көлiкте қолданылатын қағидаларды бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іспен Алматы облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы айналысады.

Факт бойынша сараптамалар тағайындалды. Уәкілетті органдарға тиісті сауалдар жолданды. Сондай-ақ, істі дұрыс шешу үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық ПД баспасөз қызметі өкілдері.

Еске салайық, 25 желтоқсанда таңертең сағат 10:00 шамасында Еңбекшіқазақ ауданындағы тасжолда 17 көлік соқтығысқан болатын. Оқиға Алматы-Қорғас тасжолының 134-шақырымында болған. Жол апатынан зардап шеккен бес адам Шелек ауылындағы облыстық ауруханаға медициналық тексеруден өту үшін жеткізілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button